Қазақстанда эпиджағдай тұрақталып келеді. Еліміз коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақта тұр. Тамыз айымен салыстырғанда қазір ковидті жұқтыру саны 20 пайызға азайған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Мәжілістегі үкімет сағатында айтты. Қазақстан коронавирустың 4 толқынын еңсерді. Ковидтің бірнеше мәрте өршуіне жаңа штамдар әсер еткен. Тамыз айымен салыстырғанда емханалардың толымдылығы 56-дан 36 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ Алексей Цой екпеден бас тарту мәселесі де өзекті болып тұрғанын айтты. Кейбір қазақстандықтар тек коронавирус екпесінен ғана емес, бұрыннан бар өзге де қауіпті аурулардың вакцинасына қарсы көрінеді. Мәселен 2013жылдан бері 25 мың адам екпеден бас тартқан. Олардың басым көпшілігі мұны жеке себептерге байланысты деп айтқан. Ал әрбір бесінші адам діни көзқарастарға байланысты десе, әрбір оныншы адам вакцинаға сенбейді. Сондай-ақ министр биыл Қазақстанға әкелінетін Файзер екпесімен егілетін адамдардың қатары көбеюі мүмкін екенін айтты.
Алексей Цой, Денсаулық сақтау министрі:Бастапқы кезеңде бұл екпе 12 жастан бастап жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге салынады. Кейін осы вакцинаны еге алатын адамдар тізімін кеңейтуіміз мүмкін. Айта кетейін, әзірге Pfizer компаниясының вакцинасы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе болып тұр. Министрлік 2021 жылдың соңына дейін 4 млн доза екпені жеткізу бойынша шартқа қол қойды.