Қазақстан «сары» аймақта тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан «сары» аймақта тұр

11.10.2021

Қазақстанда эпид жағдай тұрақталып келеді. Еліміз коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақта тұр. Тамыз айымен салыстырғанда қазір ковидті жұқтыру саны 20 пайызға азайған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Мәжілістегі үкімет сағатында айтты. Толығырақ тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білейік. Шерхан Алексей Цой тағы қандай жаңалықтар айтты?

 Шерхан Жамбылұлы,тілші:

Иә, мәжіліс қабырғасындағы жиынның басты тақырыбы елдегі эпид жағдай болды. Министрдің сөзінше Қазақстан коронавирустың 4 толқынынан да еңсеріп өткен. Ковидтің бірнеше мәрте өршуіне жаңа штамдар әсер етіпті. Осы уақытқа дейін ел аумағында британдық, оңтүстік африкалық, үндістандық және нигериялық штамдар ресми түрде тіркелген. Дегенмен қазір эпид жағдай тұрақталып келеді. Ауруханаларда науқастар саны біршама азайған. Тамыз айымен салыстырғанда емханалардың толымдылығы 56-дан 36 пайызға төмендеген. 22 мың төсек орынның резерві бар. Сондай-ақ Алексей Цойдың сөзінше екпеден бас тарту мәселесі де өзекті болып тұр. Кейбір қазақстандықтар тек коронавирус екпесінен ғана емес, бұрыннан бар өзге де қауіпті аурулардың вакцинасына қарсы көрінеді. Мәселен 2013жылдан бері 25 мың адам екпеден бас тартқан. Олардың басым көпшілігі мұны жеке себептерге байланысты деп айтқан. Ал әрбір бесінші адам діни көзқарастарға байланысты десе, әрбір оныншы адам вакцинаға сенбейді. Вакцина демекші министрі Файзер екпесімен егілетін адамдардың қатары көбеюі мүмкін екенін айтты. Бұл екпе елімізге жыл соңына дейін келеді деп жоспарланған. Алғашқы кезеңде жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салынады. Кейін бұл тізім кеңеюі бек мүмкін. Бірақ министр бұл туралы нақты ақпаратты әзірге ашып айтпады. Мәжілістегі үкімет сағатында айтылған өзге де жаңалықтарды ақпараттың келесі шығарылымдарында кеңірек тарқатып айтамын.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу