Рас, ашкөздік шегіне жеткен. Қоршаған ортаны құрметтеу, табиғатты қорғау дегенге пысқырып қарамайтындар айылын жиятын уақыт туа ма екен? Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауыл 2-3 жылдан бері алтын шайылған лас суды тұтынып отыр. Тұрғындардың сөзінше, Қалжыр мен Күршім өзендерінің бойындағы алтын қазатын кен орындары заңсыз жұмыс істеп келеді.
Алтын қазушылар өзеннің арнасын бұрып, табиғатқа да орасан залал келтірген. Алтынды шайған қалдықты өзенге ағызып, салдарынан судың түсі сарғайып, құрамы майланып кеткен. Өзенге қазір адам түгілі мал да жоламайтын болған. Соңғы кезде балық та жүзбейді. Тұрғындар аймақтағы жауапты орындарға бірнеше мәрте шағымданса да, нәтиже жоқ. Облыстық экология департаменті Қалжыр өзеніндегі ластаушы заттар мөлшері 17 есеге артқанын анықтаса да, алтын қазушыларға айыппұл салудан аспаған. Күршімдіктердің жанайқайы жақында Президентке де жетті. Осы аптада экожүйесі қыл үстінде тұрған ауданның проблемасын шешу үшін өңірге арнайы комиссия барды.