Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтті. Оған 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Нақты айтқанда, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос:
«Бұл бірегей алаң саясаткерлер, дін лидерлері, халықаралық/өңірлік ұйымдар және барлық мүдделі тараптарға әлемдегі дінаралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бірлесіп талқылауға жақсы мүмкіндік береді. Сондықтан БҰҰ Өркениеттер Альянсы алдағы VII Съезд жұмысына белсенді қатысады», – деген.
Дін өкілдерінің алғашқы жиыны 2003-жылы өткен еді. 2001 жылы 11- қыркүйек оқиғасынан кейін мұсылман дініне күйе жағушылар көбейді. Дінаралық алауыздық асқынған шақта Қазақстан әлемді ізгілікке үндеді. Содан бергі 18 жылда 6 съезд өтті. Ал хатшылығы одан жиі бас қосады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы болып табылатын Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жиын жер-жаһандағы ахуал күрделі кезде өтіп жатқанын айтты. Пандемиямен қатар геосаяси жағдай ушығып, әлемдегі қауіпсіздік жүйесі бұзылды.
Хатшылық отырысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі алдағы жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.