Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды

08.10.2021

Белгілі актер және режиссер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды. Өнер қайраткеріне бұл марапат Мемлекет басшысының жарлығымен ұлттық мәдениетке, кино саласына және театр өнерін дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін берілді.

Алматыға арнайы келген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев актерды мерейлі жетпіс жасымен құттықтап, кеудесіне орденді тақты. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен қатар, белгілі өнер майталмандары мен қайраткердің достары қатысты. Досхан Жолжақсынов театр сахнасында және кинода 200-ден астам рөлді сомдаған. Сонымен қатар халық әндері мен қазіргі қазақ композиторларының әндерін шебер орындаушы ретінде де кеңінен танымал. Ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Ол «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер», «Біржан сал» және басқа фильмдерге түсті.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу