Отандық ғалымдар картоптың ұлпалы көзін егу арқылы өнім алуға болатын жаңа әдіс ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық ғалымдар картоптың ұлпалы көзін егу арқылы өнім алуға болатын жаңа әдіс ойлап тапты

11.04.2018

Алматыда Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ғалымдары картоптың өзін емес, ұлпалы көзін егу арқылы өнім алуға болатын жаңа биоинженерлік әдісті ойлап тапты. Бұл мекеменің мамандары ашқан соңғы жаңалық емес. Бұған дейін де бидайды жабайытұқымдас бидай түрлерімен будандастыру арқылы өміршең тұқым алу жолдарын өндіріске енгізіп, ауыл шаруашылығының дамуына септігін тигізді. Қазір институтта 128 маман биотехнология бойынша тың тәсілдерді іске асыруға кіріскен.

Қабыл Жаппарұлы - ғылымда зор табысқа жеткен ғалымдардың бірі. Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтына қарапайым маман болып келіп, тынымсыз еңбектің арқасында басшылық қызметке дейін көтерілді. Ал, қазір жас мамандардың жаңа бағыттағы ізденістерге ұмтылуына жағдай жасап жүр. Жалпы, институт өсімдіктердің биотехнологиясы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Сондықтан, он зертханада клеткалы тіндерден бастап, молекулалы генетикаға дейінгі зерттеулер жүргізіледі.

Қабыл Жаппарұлы, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының бас директоры:

- Замануи әдістермен жаңа сұрыпты дақылдарды шығаруды Елбасы арнайы тапсырды. Өйткені, біз генетикалық инженерияда әлемдік көштен қалмауымыз керек. Озық үлгідегі жетістіктерді игеруге қажетті технология бар. Ол технологиямен зерттеу жасай алатын білікті мамандар да бар. Бүгінгі таңда әлемде жаңа сұрыптарды шығару қарқын алды. Бұдан адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп жоқ. Керісінше, өндіріске пайдалы. Сол себепті, біз де осы бағыттағы зерттеулерге ден қойдық.

Міне, мынандай кішкентай картоптың клеткасынан мол өнім алуға болады. Бұл біздің қазақ ғалымдарының ойлап тапқан жаңа әдісі. Яғни, осындай оқшауланған кеңістікте, клетканы өсіру арқылы мол өнім алуға болады. Сондықтан, бұл әлем ғылымы үшін қазақ ғалымдарының қосқан үлесі болмақ.

«Қазір генетикалық инженерия арқылы өсіруге арналған бұл технологияның әлемде аналогы жоқ», - дейді мамандар. Отандық ғалымдар ойлап тапқан «биореактор» деп аталатын құрылғыда ұлпадан өсімдік өсіп шығады. Енді ғалымдар бұл жаңалықты патенттеп өндіріске енгізбекші.

Мақпал Бақбергенова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі:

- Опекалдық мерестема арқылы қоректік ортаға отырғызып содан регенерант өсімдіктер аламыз. Сол регенерант өсімдіктерден біз вируссыз картоптың көшеттерін жасап шығамыз. Осы көшеттерді одан кейін егіс алқабына шығарамыз. Институттың ғылыми жобасы бойынша алынған өнім зиянкестерге төзімді және жоғары сапалы өнім беріледі.

Статистикаға сүйенсек, бүгінде әлемде халық саны күрт көбейіп келе жатыр. Сондықтан, адамдардың денсаулығына зиянсыз, бірақ, көп өнім беретін жаңа сұрыптарды ойлап табудың маңыздылығы артып отыр. Ал, отандық ғалымдар осы бағыттағы зерттеулер жұмыстарын жандандыруға кірісті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу