Қостанай облысындағы Аманкелді ауданына қарасты Амантоғай ауылының тұрғындары алты айдан бері сапасыз суды тұтынып отыр. «Бұл туралы жергілікті билік өкілдеріне қанша айтқанымызбен еш нәтиже жоқ» деп ашынады көпшілік. Әріптесім Дәуренбек Әбдібек Амантоғайға арнайы барып қайтты.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:Аманкелді ауданындағы 30 елді-мекеннің тең жартысына орталықтандырылған су желісі тартылған. Олардың бәрінде бірдей құрылғылар ақаусыз жұмыс істеп тұрған жоқ. Мысалы былтыр Байғабыл ауылында су мұнарасы құлап оны қалпына келтіргенше тұрғындар сусыз отырды. Ал қазір біз тұрған Амантоғай ауылында мамыр айынан бері құбырмен келетін су ішпек түгілі жуынуға жарамай тұр.
Амантоғайға орталық су желісі 2018-ші жылы тартылған. «Алғашқы екі жылда судың сапасы өте жақсы болды» дейді Үміт Дүйсенбина. Алайда биыл көктемнен бастап дәмі де, түсі де бұзылған.
Үміт Дүйсенбина, ауыл тұрғыны:Су ішуге келмейді. Өзім іше алмай отырмын. Кір жуу үшін белизна қосамыз. Жазда немелерім келген қыдырып. Бәрінің іші ауырды.
«Шүмектен аққанда таза тәрізді көрінгенмен құйған ыдыстың бәріне сап-сары қақ тұрып қалады» дейді Гүлнұр Құсайынова. Қазір тұрғындардың дені ауыз суды өзге елді-мекендерден тасып ішеді немесе дүкеннен сатып алады. Оның өзінің бес литрінің бағасы 450-500 теңге тұрады. Қымбат болса да алмасқа амал жоқ.
Жауапты мамандардың айтуынша су сапасының бұзылуына тарату қондырғысындағы сүзгіден ақау шығуы себеп болған. Оны ауыстыру үшін 7 млн теңге қаржы сұрап іле облысқа өтінім жіберілген.
Руслан Қайырбеков, аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:Конкурс ұзап кетті. Қазір Алматы қаласынан мердігер мемлекеттік конкурстан ұтып алды. Алдағы бейсенбіде келіп екі күн ішінде орнатып кетуі тиіс.
Яғни, шенеуніктер амантоғайлықтардың алты ай бойы сапасыз суды тұтынуын мемлекеттік сатып алудың машақатынан көріп отыр. Соның кесірінен тозған сүзгіні жедел ауыстыру мүмкін болмапты. Көпшілік «ақау шыққан сайын оны жөндеуді айлап күту ақылға сыйымсыз ғой» деп ашынады.
Дәуренбек Әбдібек