Жер-жихандағы ахуал күрделеніп барады. Пандемиямен қатар геосаяси жағдай ушығып, жахандық қауіпсіздік жүйесі бұзылды дейді дінбасылар. Кеше елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьезі хатшылығының отырысы өткен еді. Дін көсемдері бұндай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті адамдарды бейбітшілік, қоғамдық келісім секілді идеяларға үндеу дейді.
Халед Акаше, Дінаралық диалог бойынша папа кеңесінің ислам жөніндегі бюро басшысы:
Пандемия адамзатқа, мемлекеттерге, діни қауымдастықтарға, баршамызға денсаулық сақтау, экономика, әлеуметтік келісім немесе ынтымақтастық сияқты өміріміздің көптеген салаларындағы шектеулер мен кемшіліктер туралы білуге мүмкіндік берді. Дін көшбасшылары мен олардың артында тұрған қауымдастықтар пандемиядан зардап шеккендерге тілектестік білдіреді.
Захра Рашидбейги, Иран Ислам Республикасының мәдениет және ислам байланыстары ұйымының департамент директоры:
Біздің планета мен бүкіл адамзат жойқын қауіптермен бетпе-бет келіп тұр. Адамды жойқын соғыстардың қатерінен азат етуден асқан биік мақсат жоқ. Діндер арасындағы қарым-қатынасты нығайту осыған жетуге септігін тигізіп, рухани құндылықтарды ілгерілетуде негізгі рөл атқара алады.