Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру және өндірушілерден тікелей жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қалалық әкімдік шаћардағы ірі сауда орталықтарымен және өндіріс орындарымен келісім шартқа отырды. Осы құжаттың негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауда болады.
Осы жобаны іске асыру аясында Алматы қаласының әкімдігі «Магнум» сауда желісімен тауардың 12 және көкөністің 4 түрі бойынша бойынша келісім шартқа отырған. Тауарды тікелей тасымалдау барысында ешқандай кедегілер болмайды. Өйткені барлық азық-түліктер қоймада сақталады. Бұл өз кезегінде өнімді үлкен көлемде жинауға және тауарларды ысырапсыз сақтауға мүмкіндік береді -дейді мамандар.
Дамир Тазабек, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:Магнум желісімен 7 мың 800 тоннаға 12 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша келісім жасалған. Бұл баға жылдың аяғына дейін сақталып тұрады. Сонымен қатар 4 түрлі көкөніске ол картоп, сәбіз, пияз және қырыққабатқа 22 мың тоннаға келісім шарт жасалған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірі ет десек, жаңа жыл қарсаңында ірі-қара етінің бағасы аспандап кететіні белгілі. Ендігі оған жол берілмейді дейді мамандар. Қала әкімдігі Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан «Асыл ет» компаниясымен 1 жылдық келісімге отырған. Келісім нәтижесінде келер жылдың жаз айына дейін фирмалық дүкендерде сиыр етінің бағасы 2050 теңгеден аспайды.
Тауар бағасын тұрақтандыру үшін қала бюджетінен 10 млрд теңге бөлінген. Енді өндірушілер, сауда желілері және базарлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтеретін болса, қомақты айыппұл төлейді.
Берік Көшербай
Қуан Нұрақын