Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының отырысы өтті

06.10.2021

Нұр-Сұлтанда дін көшбасшылары бас қосты. Елордадағы бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьезі хатшылығының 19-отырысы өтті. Алқалы жиын былтыр пандемияға байланысты өтпей қалған еді. Жиынға жаханның 20 елінен делегаттар келді. Әртүрлі сенім-нанымдағы діни көсемдер өзекті мәселелерде талқыға салып, бейбітшілікке үндейтін бастамаларды көтерді.

Дін басшыларының алғашқы жиыны 2003-жылы болған еді. Нь-Йорктегі 11- қыркүйек оқиғасынан кейін мұсылмандарға деген көзқарас өзгеріп, хақ дінге күйе жағушылар көбейді. Дінаралық алауыздық асқынған шақта Қазақстан әлемді ізгілікке үндеді. Содан бергі 18 жылда 6 съез өтті. Дінбасылар жыл сайын хатшылық отырысында бас қосады. Жиынның өзектілігі күн сайын артпаса, кеміген жоқ.

Шейх-Ул-Ислам Гаджи Аллахшүкір Пашазаде Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы:
Бүгінгі таңда агрессияны, зорлық-зомбылықты және кемсіту тудыратын өшпенділікке шақыру нақты саяси және әлеуметтік қауіпке айналды. Мұндай үндеулердің идеологияның кесірінен түрлі аймақтардағы тұрақтылық бұзылып, адамдар арасындағы қақтығыстарға, әскери қылмыстарға, геноцидке әкеліп отыр.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл жиын жер-жихандағы ахуал күрделі кезде өтіп жатқанын айтты. Пандемиямен қатар геосаяси жағдай ушығып, жахандық қауіпсіздік жүйесі бұзылды. Бұндай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті адамдарды бейбітшілік, қоғамдық келісім секілді идеяларға үндеу.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен Хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі.

Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Жиынға қатысушылар адамзат осынау қуатты күшті тиімді пайдалану керек деген ойда.

Юрий Новгородов, әлемдік лютерандық федерацияның өкілі:
Пандемиядан кейін әлем күрделі өзгеріске ұшырады. Дін қайраткерлері мен ресми билік өкілдері жүйелі диалог құра білуі қажет. Себебі қазіргі процестер адамдардың өмір салты, мәдениетіне өзгерістер әкеліп, рухани құндылықтардың құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.

Дінбасылардың жетінші съезі келер жылы қыркүйекте өтетін болды. Форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы дін лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни бірлестіктері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, елімізтұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білді. Ал қазақ елінің әлімсақтан көзқарасы қабыспайтын әртүрлі сенім-нанымдағы дін көсемдерін бір үстел басына жиып, адамзат үшін өзекті мәселелерді кеңесе шешуге үндеген бастамасы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие.

Ш.Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу