Сондай-ақ бүгін мәжілісмендер дизель тапшылығын жоюдың жолын айтып, Энергетика министріне де сауал жолдады. Айтуларынша бензин мен солярка шығаратын тек мемлекеттік зауыттарға қарап отыра бермеу керек. Өйткені, Шымкент, Павлодар және Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс істеуінен гөрі, жөндеуге жабылғаны көп дейі депутаттар.Тіпті кәсіпорындардың дәл күзгі науқан кезінде жабылып, дизельдің қымбаттауы дәстүрге айналған дейді. Сондықтан жеке меншік шағын зауыттарға да жан-жақты қолдау көрсетіп, жанармай өндірісін арттыруды ұсынып отыр.
Серік Ерубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мұнай өнімдерінің бағасына экономикамыздың барлық салалары тәуелді екені жасырын емес. Оның бағасы қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізаттың құнына да тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал, дизельдің саудада болмауы, тіпті экономиканы тығырыққа әкеліп соғатын тура жол.
Досжан Маратұлы