Португалияда пандемияға байланысты енгізілген барлық шектеулер алынып тасталды. 10 млн.нан астам халқы бар елде тұрғындардың 86 пайызы толықтай екпе алған соң үкімет осындай шешім қабылдаған. Екпе науқанын күшейту үшін қарт құрлық елдері ақшалай ынталандыру, тұрғындарды вакцина алуға міндеттеу шараларын күшейтуде. Еуропадағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Латвияда дәрігерлер мен ұстаздарға екпе алу міндеттелді дейді. Қашанға дейін алуы тиіс сонда?
Нұрсұлу Қасым, тілші:Латвиядағы медицина, білім саласының қызметкерлері 15 қарашаға дейін екпенің екі дозасын салдыртуға міндетті. Алмаған жағдайда жұмысқа жіберілмейді. Себебі елде Дельта штамы өршіп тұр. Латвияның көршісі Литвада, Румынияда да эпидахуал күннен-күнге нашарлап барады. Болгария індеттен қайтыс болушылардың саны бойынша Еуропада көш бастап тұр. Грекия дәрігерлері: «жансақтау бөлімдерінде орын жоқ, ауыр халде жатқандардың дені-вакцина салдыртпағандар»-деп дабыл қағуда. Швейцария үкіметі екпе науқанын күшейту үшін вакцина салдыртуға өзгені көндіргендерге 50 франк, бізше 23 мың теңгедей төлемек. Бүгінге дейін Еуроодақ елдеріндегі ересектердің 73 пайызы толықтай екпе алған. 10 млн астам халқы бар Португалия тұрғындарының 86 пайызы вакцина салдыртқан соң барлық шектеулер алынып тасталды. Еуропаның бірнеше мемлекетінде 65-жастан асқан, иммунитеті төмен, тәуекел тобындағы азаматтарға BioNTech/Pfizer, Moderna-ның үшінші дозасы салынып жатыр. Сондай-ақ, бір дозалық Johnson&Johnson препаратының алдағы уақытта екінші дозасы салынуы мүмкін. Компания АҚШ-тың фармацевтикалық агенттігінен осыған рұқсат беруді сұрап отыр. Компания өкілдері алғашқы дозадан соң, 56 күннен кейін салынған бустерлік доза ковидтің ауыр түрлерінен 94 пайызға қорғайды деп отыр.
Нұрсұлу Қасым