Салтанатты түрде лентасы қиылып, кешеннің алғашқы ғимараты қолданысқа берілді. Бұл жердегі конструкторлы бюрода білікті инженерлер ғарыш аппараттарының жобасын тапсырыспен құрастырады. Бас-аяғы 86 маман жұмыс істейтін мекемеде заманауи жабдықтар, станоктар мен арнайы зертхана да бар. Әмбебап орталықта ғарыш аппараттарының кез келген бөлшегін жасап шығаруға болады. 5 түрлі өндіріс алаңында арнайы қаптамалар, электроникалық құралдар мен кабельдер дайындалады. Орталық бүгін ресми ашылғанымен, мамандар 2018 жылдың басынан жұмысқа кіріседі. Айта кетейік, ғарыш техникаларын құрастыратын бұл орталық ТМД елдері ішінде әзірге жалғыз орын.
Ерғазы Нұрғалиев, «Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы» АҚ президенті:
- Біздің 21 маманымыз ғарыш аппараттарының тетіктерін жасауға, 34 маманымыз осы жерде құрастыру жұмыстарымен айналысу үшін оқып келді. Олардың тәжірибесі, деңгейі әріптестеріміздің тарапынан тексеріліп отырады. Өндіріс учаскелеріне тиісті сертификаттар беріліп отырады. Соның арқасында олардың тәжірибесі шетелдік мамандардан кем емес.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ