Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары қаралды

05.10.2021

Бүгін премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау облысында еңбек теңсіздігіне жол бермеуді тапсырды. Үкіметте өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланған еді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Маңғыстауға 5 жылда 2 триллион 100 миллиард теңге тарту көзделген. Қыруар қаржыға Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты тұрғызылып, өңірдің жолдары жөнделмек. Әрі 24 мектеп пен үй кезегіндегілерге баспана салу жоспарланған. Жалпы, бас-аяғы 15 бағыт бойынша 214 іс-шараны қамтитын ауқымды жобалар іске аспақ. Бұл аймақ экономикасын 32 пайызға арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда премьер-министр бұған дейінгідей еңбек теңсіздігіне жол бермеу керек деді.

Сондай-ақ Үкіметте каналдар мен су қоймаларын салу және оларды жаңғырту мәселелері қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша салада түрлі мәселелер бар. Соның бірі суармалы жерлерге тіршілік нәрін жеткізу. Ол үшін елімізде ұзындығы 21 мың шақырымға созылған үш жарым мыңнан астам канал бар. Бірақ олардың жартысынан астамы, яғни 55 пайызы әбден ескірген. Тіпті егінге деп бұрылған судың біразы тоз-тозы шыққан каналдан далаға ағып жатыр. Сондай-ақ Серікқали Брекешов қазір апатты жағдайда тұрған 41 су қоймасын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деді. Айтуынша бұл 40 елдімекенді су басу қауіпінен сақтайды. Десе де шаруаның іске асуы үшін 5 жылдай уақыт қажет.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу