Елімізде дизель отынның бағасы көрші елдермен салыстырғанда едәуір арзан. НҰР-СҰЛТАН КСМ: Сұраныс та артып отыр. Транзиттік жүк тасымалдаушылар сұйық отынды төмен бағамен тонналап әкетіп жатыр. Нәтижесінде ішкі нарықта тапшылық орын алды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Бұған қоса, Павлодардағы мұнай өңдейтін зауыттың жұмысы тоқтап тұр. Айта кетейік, дизель отынын экспорттау биыл наурыздан бастап тоқтатылған.
Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:Қазір Ресейден 100 мың тонна дизель отынын импорттау қажеттігі туындап отыр. Өткен аптада әріптестерімізбен Мәскеуде кездестік. Олар елімізге сұйық отын жеткізу үшін қолдау көрсететін болды.
Бұған дейін біз Павлодар облысында дымқыл астықты кептіру үшін қондырғыларға газдың жоқтығы туралы хабарлаған болатынбыз. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері қазір аймаққа қосымша 2 мың тонна көгілдір отын жеткізуге келісті. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облысына 7 мың тонна газ жеткізілетін болды.
Дарын Сағитов