Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары бағытындағы республикалық жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Биыл 120 шақырым жол салынуы керек еді. Алайда «ауа райының қолайсыздығы, құрылыс материалдары мен жүк көлігінің жетіспеуі» қол байлап тұр дейді мердігерлер. Жол азабын тартқан жұрттың жәйін Ардақ Мұратқызы жеткізеді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:Бөкей ордасы жолында осындай оқиғалар жиі болады. Көліктер сынып, бұзылып, жолда тұрып қалып жатады. Мысалы, мына көліктің дөңгелегі жарылып, Сайқын ауылынан қосымша көмек шақыртуға тура келген.
«Алған көлігің алты айға жетпей бұзылады» дейді ауыл тұрғыны. Шұрық-тесік жол темірді тоздырмай қойсын ба. Мұның бәрі шалғай аудандағы жолақы, жанармай, азық-түлік құнының шарықтауына әкеп соғады.
Мереке Кикенов, такси жүргізушісі:Қиын-қиын енді, бір сутка, сутка жарымдап жүріп келіп жатырмыз. Талай жігіттер мәшинесін қинап балшықта, моторлары да кетіп жатыр. Далада қалса да, бір-бірінің мәшинесін сүйреп, бір-біріне көмектесіп, сөйтіп жүр.
Оралдан 500 шақырым қашықтағы Жәнібек жолы да жыр болғалы қашан. Батпақ жолда батқан көлік көп. Бірнеше жыл бұрын құрылысы басталған «Казталов-Жәнібек» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық жолының құрылысы тағы да ай жарымға кешігіп жатыр.
Әмір Кәрімбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ БҚО филиалының директоры:40-60 күн жаңбыр жауу кесірінен мердігерлер тұрып қалды. Бүгінгі күні 40 күндей кестеден қалу жұмысы көрініп тұр. Сонымен қатар материал тапшылығы бар және мердігерлердің жүк тасымалдайтын техникасының жеткіліксіз болуына байланысты жалпы графиктен қалу байқалуда. Бірақ соған қарамастан, мердігерлер қарқынын ұлғайтып, жұмысты орындап жатыр.
Үш ауданды қамтитын республикалық жол аумағындағы 80 елді мекенде 60 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Қазір Бөкей орда бағытында тек 12 шақырымға асфальт төселген. Биыл 120 шақырым жол салынады дегенмен, меже орындалмады.
Ардақ Мұратқызы