Кембридж университетінің жанындағы мұражайда «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кембридж университетінің жанындағы мұражайда «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

28.09.2021

Бүгін Кембридж университетінің жанындағы мұражайда  «Ұлы дала алтыны» көрмесі өз есігін ашты. Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған артефактілер Ұлыбритания жұртшылығы назарына ұсынылып жатыр. Толығырақ тілшіміз Марина Бекенованың бейнематериалында.

Әйгілі Кембридж университетіне қарасты Фицуильям мұражайының қос галлереясы бүгін көрерменге лық толы. Барлығы да біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлерін көргісі келеді. Рухани құндылықтарды ерекше бағалайтын британиялықтар ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын көрме арқылы танып жатыр.

Люк Сайсон, Фицуильям мұражайының директоры:
Бұл өте құнды дүниелерді мұражайымызға келушілердің назарына ұсынғанымызға өте қуаныштымыз әрі мақтан тұтамыз.

Айта кету керек отандық археологтар қорғандардан табылған артефактілерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп жатыр. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа технологияларды қолдана отырып, құнды жәдігерлердің құпияларын ашпақ.

Ребекка Робертс, көрме кураторы:
Ежелгі сақтар жасаған қолөнер бұйымдарында неше түрлі материалдар мен адам сенгісіз техникалар пайдаланғаны мені ерекше таң қалдырды. Оларды қалай жасағанын зерттеп-зерделеу біз үшін үлкен бақыт.

Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырылып отыр. Көрмені британиялық бұқаралық ақпарат құралдары археологиялық сенсацияға теңеп, жарыса жазып жатыр. Тегін экспозиция келер жылдың 30 қаңтарына дейін жалғасады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу