Қазан айынан бастап өндірілетін отандық «QazVac» вакцинасы Дельта штаммына қарсы тұруға қауқарлы болады. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Президент Жолдауын жүзеге асыру шараларына қатысты өткізген брифингте мәлімдеді. Қазақстандық ғалымдар елде тіркелетін вирустың жаңа штамдарын зерттеп, онымен күресу мәселесін үнемі бақылауда ұстап отыр.
Қазір 6,5 млн-ға жуық адам толық вакцина алды. Бұл халықтың белгілі бір бөлігінде иммундық қабілет жақсарды деген сөз, - дейді Денсаулық сақтау министрі Алекцей Цой. Осының арқасында елімізде эпидахуал жақсарып келеді. Енді халықты қайта вакциналау мәселесі қаралып жатыр. Бұл ретте халықаралық тәжірибе ескеріледі. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Ал Қазақстанда қолжетімді 3 вакцина жақында тағы бір препаратпен толығады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:«Pfizer» вакцинасын осы жылдың 4-тоқсанында әкелу жоспарланып отыр. Нақты күнін біз қосымша хабарлайтын боламыз. Бұл препаратпен 12 жастан асқан балалар егілетін болады. Ол ерікті түрде және ата-ананың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
Осы айда отандық «QazVac» вакцинасын өндіру көлемі 750 мың дозаға дейін жетеді. Ералы Тоғжанов ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткеннен кейін, екпені экспортқа шығару тетіктері қарастырылатындығын айтты. Қазан айында екпенің Дельта штаммына қарсы тұратындай жетілдірілген нсқасы шығарылады. Ал Eta штаммы бойынша зерттеу жұмыстары жоспарланып отыр. Брифинге білім беру саласы да сөз болды. Енді ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға көшу жұмыстары қолға алынады. Бұл толық білім беретін мекемелерге қатысты.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Жалпы биыл кемінде 200-ден аса жаңа мектеп салынатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай орын тапшылығы сұрағын, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептерді толықтай шешетін боламыз.
Қазір еліміздің мектептерінде 260 мыңға жуық орын жетіспейді. Бұл қарқын жалғасса 2025-жылға қарай көрсеткіш 4 есе ұлғаюы мүмкін. Сондықтан, Президент Жолдауына сәйкес, 1 мың мектеп салу жұмыстарына басымдық берілетін болады. Айта кетейік, тәуелсіздік жылдардан елімізде 2 мыңға жуық білім ошағы бой көтерген.
Дарын Сағитов