Атырау облысында ауылдағы жалғыз кітапхана құлағалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында ауылдағы жалғыз кітапхана құлағалы тұр

24.09.2021

Атырау облысында «Даңқ» орденінің иегері Ғизат Әліпов ауылындағы жалғыз кітапхана құлағалы тұр. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін бой көтерген нысанның әбден тозығы жеткен. Ауыл тұрғындары жаңа ғимаратқа көшіруді сұрағанымен мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді. Өңірдегі тілшіміз Жандос Темірғали шалғайдағы ауылға арнайы барды.

Ауылдағы 700-ден астам адамға рухани азық болған жалғыз кітапхананың қазіргі күйі аянышты. Жамап жасқағаны болмаса ешқашан жөндеу көрмеген. Қақса шеге, жақса сылақ тұрмайды. Іргетасы құлап, едені тесілген. Жаңбыр жауса төбесінен су сорғалап қоя береді. Осындағы жалғыз маман Қымбат Зинулинна әрі кітапханашы әрі от жағады. Ескі нысанның азабын әбден тартқан.
Қымбат Зинуллина, «Қызыл оба» ауылдық кітапханасының кітапханашысы:
Қыста салқын. Төбесінен жаңбыр ағады. Жаңбыр жауғанда кітаптарды жинап, қайта қоямыз. Ремонтқа көнбейді ешқандай. 
Кітапхананың қабырғасы опырылып кеткендіктен, ішке топырақ кірмес үшін терезелерге ағаш қағып тастаған. Том- том болып жатқан мыңдаған кітапты оқырман үшін сақтап қалу оңайға соқпай тұр. Қатталған құндылық құрдымға кетіп жатыр.
Жандос Темірғали, тілші:
Мұнда 5600-ге жуық кітап бар. Орын тапшы. Ең сорақысы қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың кітаптары бір бұрышта шаң басып тұр. Олардың ішінде Ғабит Мүсіреповтің, Бауыржан Момышұлының, Ғабиден Мұстафиннің кітаптары бар.
Тасада қалған кітапхана әлдеқашан апатты деп танылған. Сол себепті электр жарығынан ажыратылған. Интернетке қосылу арман. Өйткені ғаламтор ауылдың өзінде дұрыс ұстамайды.

Айнагүл Мүриева, Ғ.Әліпов ауылының тұрғыны:
Кітапхананың сырты қазіргі ауылымызға сай келмейді. Қазіргі заманған. Қыста от жағылмайды. Пеш. Газ тартылмаған. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін кітап оқу қиындау.
Тозығы жеткен ағарту орнына тоқсан сайын шамамен 5 млн теңгеге кітап сатып алынады. Оқырман үшін енді керегі лайықты ғимарат қана.
Бақыт Ғабдолова, Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы:
Шешілетін түрі көрінбейді. Өйткені біз қайта-қайта округ әкімімен мектептің балансы болғандықтан, районоға, мектеп директорына, қайта-қайта шығып сөйлесіп отырдық. Олар рұқсат бермейді. Санэпидемстация рұқсат бермейді, мектепке көшіру үшін.
Кітапхананың ендігі жәйі белгісіз. Жауаптылар жуықа арада шара қолданбаса аядай ауылдың рухани өзегі болған көне ғимараттың көпке шыдамаса анық.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу