Мемлекет басшысы әлем елдерін суды тиімді пайдалануға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы әлем елдерін суды тиімді пайдалануға шақырды

24.09.2021

Мемлекет басшысы әлем елдерін суды тиімді пайдалануға шақырды. Біріккен ұлттар ұйымының Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев, азық-түлік нарығындағы қауіп қатерлер жайлы айтты. Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі мемлекеттердің ондығына кіреді. Жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттап отыр. Дегенмен, азық-түлік жүйесі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан тұрақты болуы тиіс. Осы орайда Қазақстанның егін шаруашылығы қауіп-қатері бар аймақта орналасқанын жеткізді. Су шаруашылығының жартысына жуығы көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді. Сол үшін мемлекет басшысы тіршілік нәрін тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын атап өтті. Қазір аталған ұйымның құрамында 36 ел бар. Оның аясында жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіліп келеді. Енді осы бірлестік аясында мемлекеттер арасындағы көлік және логистика салаларын ілгерілету керек деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет. Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты Орнықты дамудың екінші негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу