Кәріз суы Күршім өзеніне құйылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәріз суы Күршім өзеніне құйылып жатыр

23.09.2021

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауылында кәріз суы өзенге құйылып жатыр. Қолқаны қапқан сасық судан әбден зәрезап болған тұрғындар мал-жанға зарары тимей тұрғанда мәселені тез арада шешуді сұрайды.

Ауылдан шыққан қалдық судың өзенге құйылып жатқаны тек биыл емес. Кәріз суын тазартатын құрылғының бұзылғанына оншақты жыл болған. Содан бері тоғанның ернеуінен асқан шайынды таудан аққан таза суға қосылып, Күршім өзенін лайлап келеді. Бұрын мұнда балық аулайтын халық жазда тіптен суға шомылудан қалған. Қыс келсе ауылдың төңірегі көк мұз боп, әлекке салады.

Қабдылғазы Төлеуханов, Күршім ауданының тұрғыны: 
Мына жаққа ағып, жайылып, міне жер айдын мұз болады. Көктем бола ерігеннен кейін сасиды. Әлгі еріп, мына Діңгек мөлтек ауданына қарай ағады. Жолда бесінші мектепті басып, бұлай арық сонымен ағады.

Су тазартқыш қондырғыны жөндеп немесе жаңасын салу туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ, тұрғындар жауапты мекемелерге талай мәрте хат жазып мардымды жауап ала алмаған. Тіпті бұл мәселе сотта да қаралыпты.

Байғазы Рахметолдин, Күршім ауданының тұрғыны: 
Соттың шешімі бар. Мынаны тоқтат деген. Бірақ сол қанша шешім шықса да әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Осы мәселені мен ана экологияға қайта-қайта осылай ағып жатыр деп көтердім. Олар келіп қарайды. Бірақ ештеңе істей алмады.

Жергілікті билік кәріз суын тазартатын жаңа қондырғының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, сараптамаға жіберген. Алайда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен түскен мораторийдің кесірінен бұл шаруа әзірге тоқтап тұр.

Дулат Қажанов, Күршім ауданының әкімі: 
Ол мораторийде жазылған үш жүз мыңнан артық халқы бар жерлерге бірінші жасалады деген бізде жауаптар бар. Жаңағы құжат экспертизадан өткен бойда біз ары қарай республикалық бюджеттен қаражат сұрап, жұмысты жалғастыратын боламыз.

Су тазарту қондырғысының қашан салынатыны нақты белгісіз. Күршім өзенін бойлай орналасқан елдімекен тұрғындары сасық судан бір күні ауру тарайды ма деп алаңдайды. Тұрғындардың шағымынан кейін арнайы тексеріс жүргізген облыстық экология департаменті болса жауапты мекемге алты миллион теңге айыппұл салумен ғана шектелген.

 Дәулет Бақытбекұлы


Хабарламаларға жазылу