Пандемия ішкі туризмнің дамуына оң ықпал етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия ішкі туризмнің дамуына оң ықпал етті

23.09.2021

Алматы облысында 6 айда жарты миллиондай турист демалды. Табиғат аясында тынығушылар санының артып, ішкі туризмнің дамуына пандемия әсер еткендей. Шет елге шығушылар қатары сиреп, өз отанымыздың көрікті жерлертін тамашалауға ден қойғандар әсіресе Есік көлі мен Түрген шатқалына көптеп келіп жатыр.

Есік көлі теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте орналасқан. Былтырдан бері көл жағасында заңсыз жұмыс істеп келген сауда нүктелері алынып, демалушылар су айдынына бір шақырымдай жаяу көтерілетін болды. Мұндағы мақсат көлдің табиғи сұлулығын сақтап қалу. Жетісудың бір маржанын тамашалауға еліміздің түпкір-түпкірінен халық әлі де ағылып жатыр.

Ал Түрген шатқалына жылына 50 мыңнан астам саяхатшы келеді.

Демалушылар мұнда таудың саф ауасына, алыстан мен мұндалаған қарағай-шыршаларына, өзені мен балығына, жергілікті тұрғындардың ұсынған ұлттық тағамдарына қызығады.

Нұрсұлу Көкірекбаева, кәсіпкер:
Пандемия кезінде саумал ішуге адамдар көбейді. Себебі қазағымыз біздің түсінді. Саумал мен қымыздың қандай әсері мықты екенін. Шет елдерінен де келіп жатыр.

Жалпы Еңбекшіқазақ ауданы тау туризм кластерін қалыптастыруға өте қолайлы аймақ. Қыста тау шаңғы базаларын салып, жазда экотуризм, агротуризм бағытында саланы дамытуға әбден болады. Жергілікті билік қаржы салам келем деген инвесторларға өз жобаларын ұсынбақ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу