Ауғанстаннан Ақмола облысына 4 отбасы көшіп келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстаннан Ақмола облысына 4 отбасы көшіп келді

22.09.2021

Ауғанстаннан қоныс аударған 4 отбасы Ақмола облысына келді. Барлығы 35 адам. Туған жерге табан тіреген қандастарымызға жергілікті билік барлық жағдайды жасамақ. Жалпы, 30 жыл ішінде өңірге шетелден 9 мың отбасы қоныс аударыпты. Ермек Елберген, елге оралған қандастармызбен кездесті.

Бұл Көкшетауға Алматыдан келген поезд. Ата жұртына келген ағайынның көңілінде күдіктен гөрі қуаныштың табы айқын сезіледі. Ақмола облысына келген 4 отбасының үшеуі бірден Атбасар, Сандықтау, Бурабай аудандарына жол тартты. Өңірлерде баспаналары дайын. Тұрмысқа қажетті жиһаз да, техника да бар.

Мұхамед Хасан: 
Қазақстанға келуге жағдай жасаған құрметті Президентімізге өте рахмет. Бізге көмектескен бәрі ағайындарымызға да рахмет.

Ал, Көкшетауға қоныстанған Шерәлі Өзбәкидің 7 баласы бар. Иранда, Пәкістанда, соңғы жылдары Ауғанстанда тұрған. Қазақстанға оралу біздің арманымыз еді, - дейді ол. 7 баласымен елге оралған оған қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі баспана берді. Еңбек жасындағылар қап шығаратын зауытқа жұмысқа алынбақ.

Қоныс аударғандарға мемлекеттен жан-жақты көмек көрсетілмек. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге мүмкіндік бар. Серіктестіктер жұмыс ұсынып отыр. Ал балалар мектепке, бала-бақшаға орналастырылады.

Дина Ахметжанова, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы: 
Еңбек бағдарламасы аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 204 мың теңге бірреттік қаржылай көмек көрсетіледі. 1 жыл бойы баспана жалдау, коммуналдық төлем үшін де ақшалай қолдау қарастырылған. Сондай-ақ, елімізде қарастырылған өзге де міндетті әлеуметтік төлемдерді алады.

Қоныс аударған қандастарға жаңа ортада бейімделу үшін психологиялық көмек көрсетіледі. Мамандар тіл үйретеді. Ата қонысқа келіп арқа- жарқа болған ағайын сұлу табиғатымен бірден тәнті еткен Көкшенің баурайын тамашалап көргісі келеді.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу