Байден елінің жаңа «қырғи-қабақ соғысты» қаламайтынын мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байден елінің жаңа «қырғи-қабақ соғысты» қаламайтынын мәлімдеді

22.09.2021

АҚШ президенті Джо Байден мемлекет басшысы ретінде алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында сөз сөйледі. Ол «қырғи-қабақ соғыссыз» қатаң бәсеке дәуірі жүріп жатқанын айтты. Құрама Штаттар армиясын ұстамды етіп, климаттың өзгеруімен күресте жаңа міндеттемелер алуға уәде берді. Байден мөлшерден тыс жылыну процесін тоқтату шараларына қаржылай көмекті екі есе арттырып, аштықпен күреске 10 миллиард доллар бөлуді жоспарланып отырғанын хабарлады. Сонымен қатар, Ираннан бастап Солтүстік Корея мен Эфиопияға дейінгі дағдарыстарды еңсеруге АҚШ-тың жәрдемдесетінін жеткізді. Ақ үй басшысы Американың авторитарлық бәсекелесі Қытай жайында ашық сөйлемесе де, жанама түрде коммунистік елден демократиялық құндылықтар мен заң үстемдігін, одақтастарын қорғайтынын атап өтті.

Джо Байден, АҚШ президенті:
Америка Құрама Штаттары бәсекеге түседі және де ол қатаң бәсекеге дайын. Біз өз құндылықтарымызбен, күшімізбен одақтастарымызды, достарымызды жақтап, қуатты мемлекеттердің әлсіздерге үстемдік ету әрекеттеріне қарсы тұрамыз. Бірақ, жаңа «қырғи қабақ» соғыс пен блоктарға бөлінген әлемді қаламаймыз. АҚШ мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ниетті кез-келген елмен жұмыс істеуге әзір. Ал, COVID-19, климатының өзгеруі, ядролық қарудың таралуы сияқты қатерлерге қарсы бірікпесек, бәріміз сәтсіздікке ұшыраймыз.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу