Ираннан теріскейге 14 отбасы көшіп келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ираннан теріскейге 14 отбасы көшіп келді

21.09.2021

Иран Ислам Республикасынан 20 отбасы Қазақстанға көшіп келді. Олардың 14-і теріскейде қоныс тепті. Қоныс аударушылардың қатарында 54 ересек пен 18 бала бар. Атамекенін аңсап келген қандастармен әріптесім Эльмира Кәленова арнайы кездесіп қайтты.

Атажұртына алып-ұшып жеткен ағайынның көңілі алаң. Ираннан Қызылжарға бір апта жүріп келген қандастар Шал ақын және Есіл аудандарында қоныстанады.
Әлиақпар Қазақ, қоныс аударушы: 
Баяғыда атамыз барған ғой, ашаршылық болған кезде. Әкем ол кезде құндақтағы бала екен. Әкеміз айтатын, жол ашылса, барыңдар деп. Маңғыстауда тұрғанбыз деп.
4 отбасына осы Есіл ауданына қарасты Петровка ауылынан үй берілді. Солардың бірі Мәриям Қазаққа бұйырды. Ол - Иранның Горган қаласында туған. Солақай саясаттың құрбанына айналған ата-әжесі 1930 жылдары бас сауғалап Ираннан бірақ шыққан.
Мәриям Қазақ, қоныс аударушы: 
Иранда туысымыз, я басқамыз қалған жоқ. Біз енді Қазақстанға өз еліміз деп келіп отырмыз. Бала-шағамыз өссін, тіл үйренсін деп.
Балаларын келе сала ауыл мектебіне берген. 4 сынып оқушылары Пэдрон мен Парниян парсыша білім алған. Тілі бөлек болса да, ортаға тез үйренісіп кетті.

Ересектердің еңбекке қабілеттілері жұмысқа орналастырылады. Олардың ішінде ауылға керек жоғары білімді мамандар да бар.

Жыл басынан бері Ираннан теріскейге 91 адам қоныс аударды. Сонымен қатар, Қытай, Монғолия, Өзбекстан мен Ресейден 62 этникалық қазақ көшіп келді. Мамандардың айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндер көп. Сондықтан көш әлі де жалғасады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу