Англияда жасөспірімдерге екпе егіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англияда жасөспірімдерге екпе егіле бастады

21.09.2021

Англияда 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға ковидке қарсы екпе салу басталды. Жасөспірімдер Pfizer-дің бір компонентін ғана қабылдайтын болады және ол үшін ата-анасының рұқсаты қажет емес. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенованың сюжетінде толығырақ.

Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияның Вакциналау және иммунизация бойынша біріккен комитетіндегілер алғашқыда вакцинаны жасөспірімдердің барлығына бірдей салуға болмайды деп шешім қабылдаған болатын. Бірақ кейін пікірін өзгертіп, 3 миллионға жуық балаға екпе салуға рұқсат берді.

Егер жасөспірім вакцинаның өте сирек болатын жанама әсерінен қорықпаса, әке-шешесінің рұқсатынсыз-ақ екпе қабылдай береді. Әзірге бала да, ата-ана да ортақ шешімге келуде дейді мамандар.

Крис Уитти, Англияның бас санитарлық дәрігері:
Біздің пікірімізше, вакцинаның балалар үшін зиянынан пайдасы көп. Әлбетте бұл, тығырықтан шығар тура жол емес, бірақ осылайша мектептер жабылып, оқу процесі тоқтатылмайды деген сенім бар.

Англияда екпені мектептерде, Уэльсте вакциналау орталықтарында, Шотландияда клиникаларда кезекке тұрып, қабылдауға болады. Ал Солтүстік Ирландияда жасөспірімдерге екпе қазан айында оқу орындарында салына бастайды.

Куинн Фоукс, оқушы:
Менің ата-әжем бар. Оларға қауіп төнбесе деймін. Жанында емін-еркін жүргім келеді. Сол үшін салдырып жатырмын.

Pfizer вакцинасы 5 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға да індеттен қорған бола алады . Енді препаратты АҚШ, Еуропа және басқа да елдердің мақұлдағаны керек.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу