Ақтау қаласында ата-аналар балаларының қашықтан оқуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау қаласында ата-аналар балаларының қашықтан оқуына қарсы

21.09.2021

Ақтау қаласындағы медициналық колледж студенттерінің ата-аналары балаларының қашықтан оқуына қарсы. Айтуларынша, болашақ мейірбикелер 2-ші жыл қатарынан онлайн оқыған. Бірақ, сапалы білім алмаған. Балаларының болашағына алаңдаулы ата аналармен тілшіміз Аягөз Оралбайқызы кездесті.

Балжан Тілегенованың қызы медициналық колледждің 2-курсында оқиды. Оқиды деген аты ғана , екі жылда қызым ине салуды да меңгермеді. Өйткені, онлайн сабақтан ештеңе үйренбеді дейді ол.

Журналистермен кездесуге қудалаудан қорқып бірде- бір студент келмеді. Ата-аналар болса, былтырдан бері білім ордасымен келісім шарт жасалмағанын айтады. Сондықтан екі тараптың міндеттері мен мүмкіндіктерінен бейхабар. Оған қоса, шәкіртақыдан ши шыққан.

Ақтау қаласында 27 колледж бар. Оның 12сі жекеменшік. Аталған медициналық колледжден басқасы дәстүрлі форматты оқытып жатыр. Білім басқармасы колледж басшылығына бірнеше рет ескерту хат жіберген.

Жания Сармурзина,  Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Басшысына бірнеше рет телефон соғып ескертілді. Енді бұлай жалғаса беретін болса заңнамалық талаптарды ескере отырып, құқық қорғау орнандары арқылы шешетін боламыз. 

Колледждің бас директоры коронавирус инфекциясының таралуы бойынша өңір қызыл аймақта болған соң, жаңа оқу жылын онлайн түрде бастауға мәжбүр болғанын алға тартады. Ал, шәкіртақының берілмеуіне денсаулық сақтау басқармасы жауапты көрінеді.

Ал, денсаулық сақтау басқармасы колледжге былтыр педогогтардың жалақысы үшін, 2 млннан астам қаржы бөлген. Бірақ, оқу орнының басшылығы бөлінген қаржы жеткіліксіз болған соң шартқа қол қоймаған.

Аманбек Жұмыров Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Бізден 2 млн115 мынды алған жағдайда өзі мұғалімнің ақшасын төлей ма, я шәкірақыға жұмсай ма өзінің құзырында еді. Қаражаттың аз екенін дәлелдеп, заң жүзінде талап етуге болатын еді. Енді келісім шартқа отырмағаннан кейін, талап етуге де құқы жоқ болып отыр. Сол себептен бүкіл нені өздері мойнына алу керек. 

Өңірдің бүгіннен бастап жасыл аймаққа өтуіне орай, колледж ертеңнен дәстүрлі оқу форматына көшеді. Ал, студенттердің шәкіртақысы қашан төленетіні белгісіз. Себебі, білім мекемесінің басшылығы денсаулық сақтьау басқармасын сотқа бермек.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу