Ұлттық арна Қорқыт туралы телехикаяны түсіруді бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна Қорқыт туралы телехикаяны түсіруді бастады

20.09.2021

Түркі әлеміне ортақ тұлға – Қорқыт туралы телехикая түсірілмек. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы осы туындының түсіріліміне дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қазір жобаны зерттеу, талқылау жұмыстары жүріп жатыр.

Жоба продюсері - Шолпан Батырбаева. Бас кеңесшісі – өнертанушы, этнограф Берік Жүсіпов. Туындының жарыққа шығуына басқа да түркі елдері қызығушылық танытып отыр.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен де келіссөздер болады. Осы сериалға олардың да қосылу мәселесін қарастыратын боламыз. Ең бастысы Қорқыт атамыз түркі әлемінің ұлы тұлға, ортақ тұлға, ортақ мұрамыз.

Телехикая сапасын арттыру мақсатында биыл тұңғыш рет өндіріске үш жылдық уақыт беріліп отыр. Шығармашылық топ құрамы да білікті мамандардан жасақталды. Сценарийі жыл соңына дейін аяқталмақ.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрайымы:
Бүгінгі талқылау біз үшін маңызды. Қорқыттың тұлғасын зерттеп жүрген, Қорқытқа қатысы бар деген ғалымдарды, зерттеушілерді шақырдық. Киносериал өндірісіне қатысы бар адамдарды, білікті мамандарды шақырып, пікір алмастық, олардың ойын тыңдадық. Сериалдың сценарий, концепциясы жасалып жатыр, соның бәрін ортақ талқылауға салдық. Бұл жұмыстардың барлығын биыл аяқтаймыз. Келесі жылы түсірілім жұмыстары жүргізіледі. Үшінші жылы пост - продакшн монтаждап дайындап, эфирге беру мәселесі. 
Шолпан Батырбаева, телехикаяның бас продюсері:
Сценарийді жазатын бізде халықаралық топ. Евгения Палехова деген кісі Ресейден. Наргиза Салом Ташкенттен. Бекзат Мырзахмет Қазақстаннан. Және Мақсат Тәжімұрат деген кісі сценарийге қатысады. Бекзат Жүсіп ағамыз. Халықаралық команда деп есептеуге болады.

Қорқыт ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнерді байқауға болады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден, күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден, әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра.

Берік Жүсіпов, фольклортанушы, ғалым:
Жер бетіндегі түркі халықтарының айтып жүрген Китаби дадем Қорқытының сюжеті бұл Қазақстанда дүниеге келген болып есептеледі. Демек Қорқыттың атамекені қазақтың топырағы. Қорқыт – философ, жырау біз айтып жүрген қазақ тарихының, қазақ мәдениетінің төл жемісі болып есептеледі. 

 Ұлттық арна жыл соңына дейін 6 тарихи телехикая ұсынуды жоспарлап отыр.Олардың қатарында Домалақ ана, Жәңгір хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев және Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаларымыз бар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу