Қарағанды облысында дала өртін сөндіруге қатысқан 48 жастағы азамат қайтыс болды. Одан бөлек тағы екі адам зардап шекті.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округі аумағында болған дала өртін сөндіруге қатысқан 1973 жылғы азамат өкінішке орай ауруханада қайтыс болды. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер қолдан келген барлық медициналық көмекті жасады, алайда жанын арашалап қала алмады. Марқұм өрт болған күні Көлбасы елді мекенінен өзге тұрғындармен бірге шығып, тілсіз жауды өшіруге атсалысқан болатын. Алайда аптап ыстық пен аңзақ желден өршіген жалын ұзақ уақыт ырық бермей, адамдар зардап шеккен. Дәл сол күні Ақтоғай, Шет аудандарында да дала өрттері болып, жалпы үш ауданның 3 мың гектар жері жанып кеткен. Табиғи өртті жоюға 300-ден астам адам мен 90 техника жұмылдырылған.
Сол күні тағы 1989, 1979 жылғы екі азамат та өрт кезінде зардап шекті. Бірінің денесін 18 пайыз, ал екіншісін 28 пайыз күйік шалған. Оларға тиісті ем-дом жасалған. Қазір жағдайлары тұрақты. Түбегейлі жазылғанша бақылауда болады деді дәрігерлер.