Байзақтағы жарылыс болған әскери базаның 30 гектар аумағы оқ- дәріден қалған жарықшақтардан толық тазартылды. Бұл із-түзсіз жоғалған жауынгер, әскери сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтан түсірілген алғашқы кадрлар. Апат болған жерде 300-ден астам сарбаз жұмыс істеуде. 34 жастағы жауынгерді іздеуге жүзге жуық адам жұмылдырылған. Оның сыртында 50 арнайы техника мен онға жуық саперлар бар. Жарылыс болған күні тауды бетке алып бара жатқан әскери формадағы адамды жақын маңда қой бағып жүрген шопан көрген. Алайда, ол қойшының шақырғанына үн қатпаған. Жауаптылардың сөзінше контузия алып, есін білмеуі мүмкін. Сондықтан, таулы аймақтар да жіті іздестіріліп жатыр деді Ұлттық арна тілшісіне арнайы сұхбат берген әскери бөлім командирінің орынбасары.
Руслан Жылқыбаев, 28349 әскери бөлім командирінің орынбасары:
Біздің қарулас досымыз сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмысын біз тоқтатпаймыз. Осы күнге дейін ата-ана бауырларымен әр жасап жатқан қадамымыз туралы хабарлап отырмыз. Жауынгерлік досымыз Бауыржанды таппайынша біз жұмысымызды доғармаймыз.