Тоқаев Ауғанстанға көмек көрсету үшін Алматыда гуманитарлық хаб құруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Ауғанстанға көмек көрсету үшін Алматыда гуманитарлық хаб құруды ұсынды

17.09.2021

Елімізде QazVac-тан бөлек тағы екі вакцина пайда болуы мүмкін. Қазір олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында үміткер вакцина ретінде тіркелген. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мәлімдеді. Сондай-ақ президент Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ұйымның хабын ашуды ұсынды. Әрі тараптар халықаралық деңгейде ушыққан кеселдер: терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы ауқымды бағдарламаны бекітті. Саммитке арнайы барған тілшіміз Досжан Маратұлы ретімен айтсын.

Досжан Маратұлы, тілші: 
Әлем назары бүгін екінші күн Тәжікстан астанасында. Душанбеде кеше Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтсе, бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болды. Десе де алқалы жиынға Ресей және Қытай президенттері келе алмай, онлайн қатысты.

Ал ұйымның құрылғанына биыл 20 жыл. Мерейлі датаға орай Душанбе іші осылай безендірілген. Тіпті 20 жылдағы жемісті жұмысты білдірсе керек, меймандарға бау-бақша өнімдері ерекше ұсынылған. Қауын-қарбыз тау болып жатыр.

«Наурыз» сарайында бас қосқан көшбасшылар да алдымен ұйымның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразияда қауіпсіздікті сақтап, елдерімізді жан-жақты дамыту жолында құрылымның рөлі ерекше деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Ортақ күш жігердің арқасында ШЫҰ әлемдегі ең табысты және беделді аймақтық бірлестікке айналды. Ұйым аумағында орасан зор демография, қаржы және шикізат ресурстары, сондай-ақ қуатты технологиялық әлеует бар. Салмақты нормативтік-құқықтық база қалыптасып, барлық деңгейдегі өзара әрекеттесудің тиімді механизмдері құрылды. Ұйымның халықаралық байланыстары қарқынды түрде дамып келеді.

Шанхай ұйымына сегіз ел кіреді. Құрамында азиялық алтылық Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан мен Өзбекстан және Тәжікстан,екі ядролық алпауыт Ресей мен Қытай бар. Төрт ел Ауғанстан, Белорусь, Иран, Маңғолия бақылаушы. Тағы алты мемлекет диалог жөніндегі әріптес. Бұл елдер Жершары халқының тең жарымы. Осындай ықпалды құрылым экономикадағы сәтсіздіктерге лайықты жауап бермек. Әскерилердің әлеуетін біріктірумен қоса, аймақтағы елдердің нарықтарын қорғап қалғысы келеді. Өйткені пандемия қай-қайсысын болса да аяған жоқ. Сондықтан экономиканы бірігіп ілгерлету маңызды. Бірақ ең алдымен індетту еңсеруіміз тиіс. Осы тұста еліміздің ұсынары бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бұл жерде Қазақстанда ұсынатыны – біздің алғашқы QazVac вакцинамыз. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді. Біз қазірдің өзінде препаратты көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде жеткізе бастадық. Қазақстанның тағы екі әзірлемесі – Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне COVID-19 вакцинасына үміткер ретінде енгізілген. Мен ШЫҰ мемлекеттерінде вакцинация төлқұжаттарын өзара тану рәсімін жеделдету және оларды көпжақты жүйеге біріктіру кездесетін қиындықтарды еңсеруге септесеріне сенімдімін.

Қазақстан вакцина әзірлеген санаулы елдің бірі. Індет өршіп, ауру алқымнан алған тұста бауырлас елдерге гуманитарлық көмек те көрсетті.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті: 
Қырғызстан серіктес мемлекеттермен аймақта коронавирустың таралуын болдырмау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге дайын. Сонымен қатар, қытайлық, ресейлік және қазақстандық әріптестеріміз ұсынған Синофарм, Спутник V, QazVac вакциналары үшін алғыс білдіреміз.

Саммитте экстремизм, сепаратизм, терроризм мен кибер қылмыстар, ақпараттық шабуылдар, есірткі тасымалын тыю жайы талқыланды. Бұлар бір елге ғана емес, халықаралық деңгейде жарадай ушыққан кеселдер.Тіпті қазір лаңкестердің амбициясы күшейіп келеді. Мемлекет ішінен мемлекет құрғысы келеді. Сол үшін радикалды топтарды дер кезінде жою қажет. Шанхайлық сегіздіктің де көздегені осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бүгін біз ұйымға мүше мемлекеттердің 2022-2024 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітеміз. Сондай-ақ терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын есірткі бизнесімен және есірткі тасымалымен тиімді күресу бойынша бірлескен күш-жігерімізді жалғастыруға дайынбыз. Соңғы жылдары киберқауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. Сол үшін ақпараттық қауіпсіздік орталығын тезірек құру шұғыл қажеттіліктерге толық жауап беріп, Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғауды күшейтеді. Экономикалық саладағы трансұлттық қылмыс – өзекті мәселе.

Экстремизм, терроризм десе Ауғанстан еріксіз еске түседі. Президент бүгін де мұндағы ахуалға бей-жай қарамауымыз керек деді. Соғыстан көз ашпай, тоз-тозы шыққан елге Қазақстан арқылы гуманитарлық көмек жеткізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Қазақстанның инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, біз Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз. Бұл қадам біздің Ұйымның аймақтың өткір мәселелерін шешуде рөлін арттыратынына, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметін үйлесімді түрде толықтыратынына сенімдімін.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басшыларына ортақ жиынға қатысты. Қазақстан әлемдік саяси аренада беделі жоғары қос бірлестікке де мүше. Президент мұнда да ауған елін қиын қыстау сәтте жалғыз қалдырмау қажеттігін айтты. Ол үшін тәліптермен диалог орнату қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Мұндай байланыстар тәліптердің шынайы ниетін бағалауға, аймақтық тұрақтылықтың сын-қатерлеріне қатысты пікірлерін білу үшін қажет. Осы арқылы елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Бұл тәліптерді ресми түрде мойындау деген сөз емес. Көп нәрсе жаңа әкімшіліктің алдағы нақты іс-әрекеттеріне және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті шешімдеріне байланысты болатынын тағы да қайталап айтамын.

Сондай-ақ президент Жаңа жібек жолын дамытып, экологиялық мәселелерге назар аударуға шақырды. Саммит қорытындысы бойынша 20-дан астам құжатқа қол қойылып, ұйымның мерейтойлық декларациясы қабылданды. Әрі 20 жылдыққа орай, алғаш рет Шанхай құрылымының арнайы әнұраны жазылып, орындалды.

Досжан Маратұлы, тілші: 
Тағы бір маңызды мәлімет. Келер жылы шанхай сегіздігі тоғыздыққа айналуы мүмкін. Жиында мемлекет басшысы Иранды ұйымға қабылдауды жеделдету керек деді. Өйткені бұл құрылымның геосаяси ықпалын күшейте түспек. Ал ұйымға төрағалық ету тізгіні енді Өзбекстанға өтті. Сондықтан келер жылы мүше елдердің туы Ташкентте көтерілмек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу