Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде

16.09.2021

Әлеуметтік желіде оқушыларға екпе салдырды деп жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде. Қостанайлықтардың үрейін ұшырған аудиожазбада қаладағы нөмірі 7 мектепте 13 балаға «манту» жасалып, соның екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмды делінген. Аудиожазбадағы дауыс екі ер адамдікі. Бұл хабарламаны денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасы жоққа шығарды. Осы оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 274-ші бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша айыпталғандар мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 400 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

Наталья Гунько,  мектеп директорының міндетін атқарушы: 
Бірінші қыркүйектен бастап бүгінгі күнге дейін ешқандай екпе салдыру шарасы жүргізілген жоқ. Оқушылар штатты режимде оқып жатыр. Бәрі де аман-есен. Осы келеңсіз жәйт бойынша полиция мен прокуратураға арыз жаздық. Қылмыскер осындай жалған хабарламамен мектебіміздің мәртебесіне нұқсан келтірді. Ол заң жүзінде жауапқа тартылуы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу