Қазақстанда жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі

16.09.2021

400 мың қазақстандыққа қамқорлықпен қатар қаржылай қолдау жасалады. Бүгін Сенат азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнайы заң жобасы мақұлдады. Құжаттағы өзгерістерді іске асыруға қосымша қаражат та қажет. Қазынадан 55 млрд теңге қаралып отыр. 

Нысаналы Ығыл, тілші:
Жаңа заң жобасында ескі редакциядағы кем-кетік ескерілді. «Назардан тыс қалған кей нормалар қазір барынша пысықталған»,-деді сала министрі Серік Шәпкенов. Қазір елімізде 66 мың адам I топтағы мүгедек санатында. Бірақ әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысы және жеке көмекшінің қызметімен қамтылмаған. Енді сондай қамқорлыққа мұқтаж 24 мың тұрғынға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Ай сайын 48 мың теңге беріледі.

Бұдан бөлек мүгедек балаға күтім жасау мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылды. Олардың жәрдемақы мөлшері 37 пайызға өседі. Тек алдымен қай топта екенін куәландыруы керек. Бұл 7-ден 16 жасқа дейінгі жеткіншектерді оңалту, және сырқатының дәрежесіне қарай ақы тағайындауға қажет.

Заң жобасында тағы мүгедектік және асыраушыдан айырылуына байланысты жәрдемақыларды бір мезетте беру көзделіп отыр. Екі төлемді қосқанда отбасыға 78 мың теңгедей тиесілі. Сондай-ақ өндірісте жарақат алып, мүгедек болғандар алдында жұмыс беруші міндеттемелерін орындай алмаса, жауапкершілікті мемлекет көтереді.

Енді мүмкіндігі шектеулі бала кәмелетке толса да тұрғын үй алу кезегі сақталады. Бұған дейін тек 10 жылға дейін күте алатын. Жаңа норманың 20 мыңнан аса отбасының баспанамен қамтылуына септігі тимек.


Хабарламаларға жазылу