Биылғы қуаңшылықтан Түркістан облысы Әлімтау ауылындағы қара малдың алды қыс түспей жатып көтерем бола бастады. Жерде малдың аузына ілінетін қылтанақ жоқ, шаңы аспанға шығып жатыр. Ең қауіптісі, жел соққанда жолына тосқауыл болатын өсімдіктің жоқтығынан ауылда құм көшкіні басталған. Сусыған құм жайылымды да, ауыл ішін де басып барады.
Бұрындары жыл он екі ай өрісте жүретін сиырлардың көтерем боп үйде жатқанына айға жуықтады. Күніне екі мезгіл жем бергенімен оңалатын түрі жоқ. Биыл отбасындағы шиеттей 4-5 баланың аузы жарып аққа тиген жоқ.
Айнұр Бөриева, ауыл тұрғыны:
Бала-шағамызды ағарған, құрт, маймен бағатын биыл ол тұрмақ айран, сүтін де бере алмадық. Қолға қарап тұр. Базарға шығарсаң сата алмайсың я әперетін жем-шөм жоқ. Көтерем бәрі.
Әлімтау мен Тасқұдық ауылындағы 4 мыңға жуық ірі қара мен мыңнан астам жылқының қазіргі күйі осындай. Әсіресе төлдеген малдардың жүруге шамасы жоқ. Жұрт амалсыз қысқа деп жинаған жем-шөбін шетінен беріп жатыр.
Қошқарбек Якубов, ауыл тұрғыны:
Шөптің тамырын қазып жеп жатыр қазір.Аяғымен қазады жануарлар.Басқа амалы жоқ.Тамырын шығарып жейді.Желмен ашылған жерін жейді.
Көктемнен бастап-ақ тақыр жерге айналған жайылымға қара күзде қылтиятын кемпіршапан, ебелек, жантақ деген шөптің өзі де шықпай қалды.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Ең қиыны биыл ауылда құм көшкіні жиілеп, жердің бедері өзгеріп барады. Желді күні қалқан болар шөптің жоқтығынан іргедегі жайылым тұрмақ, ауылдағы көшелердің өзін қазір құм басып қалған.
Төрт түлікті аман алып қалу үшін Сарыағаш ауданы әкімдігі Отырар, Арыс, Созақ аудандары, Сырдария өзені бойындағы ұлттық парк пен Шардара орман шаруашылығына қарасты аумақтан арнайы жер бөлдірді. Шаруаларға малын осында қыстатып шығуына болады. Сондай-ақ Көксарай су қоймасы төңірегіндегі 1 жарым мың гектар жердің қамысы мен жантағын орып алуға рұқсат беріліп, 15 мың орам шөп әзірленді.
Мадияр Тұрлыбек, Сарыағаш ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
10 мың тонна жемге ұсыныс бердік. Оның 4 мың 100 тоннасы кебек, 1 мың 300 тоннасы арпа, қалғаны бидай. Ауыл шаруашылығы келісімшарт корпорациясынан арзан бағамен алуға.
Ұсыныс мақұлданса, малдың жемі аймаққа қараша айында жеткізілмек. Бірақ әзірге оның бағасының қандай болатыны беймәлім .
Ғани Қалмаханов