Шамалғандағы автобус пен пойыз соқтығысының дауы басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шамалғандағы автобус пен пойыз соқтығысының дауы басылмай тұр

15.09.2021

Тура екі жыл бұрын Шамалғандағы автобус пен пойыз соқтығысының дауы әлі басылмай тұр. Осы оқиғадан зардап шеккен Эльмира Жәнібекова әлі күнге дейін сот тағайындаған моральдық шығынды өндіре алмай жүрмін дейді. Сот шешімімен оған 15 миллион теңге төлеуі тиіс "Қаскелең автобус паркі" ақшаның үштен бірін ғана аударып, қайтадан сотқа аппеляциялық арыз түсірген.

Қуан Нұрақын, тілші:
Көптің есінде қалған сол оқиға осы жерде болған еді. Тұрғындардың айтуынша өткелде ертелі кеш ұзын сонар көлік кептелісі басылар емес. Сол оқиғадан кейін жаяу жүргіншілерге арналған өткел салынса да, адамдар темір жолды басып өтуге әдеттенген.

Оқиға кезінде автобус ішінде екі қызымен қалып қойған Эльмира Жәнібекованың сөзінше сот шешімі осы жылдың наурыз айында шыққан. Үкім ойынша «Қаскелең автобус паркі» үш зардап шегушіге 15 миллион теңге өндіріп беруі тиіс. Алайда, қаражаттың бір бөлігін аударған соң, қалғанын бермей келеді. Ал, Қарасай аудандық соты бастапқы шешімнің күшін жойып, қарсы тараптың арызы бойынша қайта сот өткізген.

Эльмира Жәнібекова, жәбірленуші:
 31 тамызда қайта сот болады. 9 наурызда үкім шығарған Белгібаева деген судья. Қайтадан сол кісі істі жүргізеді да бір күннің ішінде. Өзінің 9 наурызда шығарған үкімін өзі жауып тастайды. 

Қаскелең автобус паркінің басшысы сұқбат беруден бас тартты. Айтуынша екінші бөлігін, яғни бес миллион теңгені аудардық деп отыр. Қалған соманы төлеуге шамасы жетпеген соң, аппеляциялық шағым түсірген. Ал, сол оқиғадан кейін басына бірнеше операция жасатқан Айару мен Інжудің еміне әлі де қыруар қаржы қажет дейді анасы. Інжу әлі күнге дейін өздігінен жүре алмайды.

Эльмира Жәнібекова, жәбірленуші:
Бір жарым жыл біз бұл кісілермен екі жылдай болды соттасып келе жатқанымызға. Осы екі қызымның еміне ең кішкентай қызымның аяғынан тұрып кетсе екен деп. Мұны қайта өткізу менің басымнан оңай болмайды. Еске түсіру деген мәселелер қиын нәрсе.

Ал Қарасай аудандық сотының мәліметінше бастапқы үкімінің күшін жоюуы, жаңадан ашылған жайттармен байланысты. Іс басынан қайта қаралады. Сондықтан бұл іске қашан нүкте қойылары әзірге белгісіз.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу