Елбасы Жамбыл облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Жамбыл облысына барды

14.09.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев/ Жамбыл облысына барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тыныс тірлігімен танысты. Тұңғыш Президент Байзақ ауданында болған жарылыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына да қанықты. Аймақ басшысы өңірдің дамуы жайлы есеп берді.

Тұңғыш Президент алдымен облыс басшысымен кездесіп, жарылыстан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрап білді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі: 
Өкінішке орай жарылыстан 17 адам қайтыс болды. Өткенде өзіңіз телефон арқылы тапсырма берген болатынсыз. 122 нысан, 102-сі тұрғын үйлер 75 орташа зақым. Оның бәрін қалпына келтірдік. Қазір өкіметке ұсынысымды бердік. Қосымша қаржы бөлеміз деп отыр.
Біріншіден өзіңіздің, Мемлекет басшысының атынан барлық отбасыға көңіл айттық. Екінші Үкімет тарапынан 10 млн, жергілікті бюджеттен 5 млн қайтыс болған отбасыға 15 млн-нан қаржы бөлдік. Қосымша заңға сәйкес асыраушысынан айырылған балаларға  80мыңнан 100 мыңға дейін жәрдемақы төленеді.

Бұдан әрі аймақ басшысы «Нұр отан» партиясы сайлау алды бағдарламасының жүзеге асуы, аграрлы саладағы мәселелер мен халықтың жұмыспен қамтылуы жайында баяндады.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
8 айдың қортындысы бойынша экономикалық өсім 5,8 пайыз.

Кездесуден кейін Елбасы «Әлжан ана» тарихи музейінің қызметімен танысты. Мекеме аумағына ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті сондай-ақ ауылдағы Мәдениет үйіне барды. Мұнда кітапхана және түрлі үйірмелер жұмыс істейді, 250 орындық концерт залы бар. Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облыстық филармониясының артистері мен аудандық Мәдениет үйінің шәкірттері орындаған музыкалық шығармаларды тыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:
4000 тұрғыны бар ауылға осындай керемет мәдениет үйі, қандай жақсы. Ішінде үйірмелер бар. Жастарымызға осындай жағдай жасап жатырмыз. Еліміз аман жұртымыз тыныш болса әлі талай қызықтарға жете береміз.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті спорттық-сауықтыру кешенінің жұмыс барысымен танысты. Мұнда ауқымды арена, әмбебап зал және күрес пен боксқа арналған зал бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:
Денсаулық қай жағдайда керек. Оқуды тастамаңдар, бәрақ спортты да тастамаңдар. Өмірде бәрі керек болады. Зор болашақ, бақыт тілеймін.

Бүгінде спорттық-сауықтыру кешенінде төрт жүзден астам бала мен жеткіншек шынығады. Еркін күрес, тхэквондо, каратэ, волейбол, футбол, бокс сынды спорттың алты түрі бойынша жаттығуға мүмкіндік бар.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу