Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысының шаруалары Үкіметтен көмек сұрайды. Өңірде жағдай әлі оңалған жоқ. Биыл аймақта төрт түліктің саны былтырға қарағанда 13 мың басқа азайған. Мыңнан астам түлік аштан қырылған. Осы өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы бізбен байланыста.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:Былтыр облыста 643 мыңнан астам төрт түлік болса, биыл соның 630 мыңдайы қалды. Аштықтан қырылғаны бөлек, 6-7 мың бас мал басқа облыстарға көшірілген. Ірі шаруа қожалықтары да, тұрғындар да азды-көпті малдарын жемдеп, сойып сатуда. Енді қалғанын қыстан аман алып шығу үшін шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Ал, жергілікті әкімдік қысқа әзірлікті бастап кеткенін жеткізді. Жалпы аймақтағы төрт түлікті қыстан аман шығару үшін, 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Ал, әзірге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Оған 40 мың тонна шөп және 34 мың тонна жем алу жоспарлануда. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір аудандарда жем-шөпті сақтайтын орындар әзірленіп жатыр. Өзге өңірлердегі қайырымды жандардың жәрдемдесуінің арқасында осы кезге дейін аймаққа 3 жарым мың тонна тегін жөп жіберілген. Бүгін сондай-ақ, АҚШ -тың Халықаралық даму агенттігі Қазақстанның қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарына көмек көрсету үшін 100 мың доллар көлемінде көмек көрсететіні жария болды.
Аягөз Оралбайқызы