Президент Жолдауында айтылған мың мектеп салу жоспары дайын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жолдауында айтылған мың мектеп салу жоспары дайын болды

13.09.2021

2025 жылға қарай Қазақстанда урбанизация мен туу деңгейінің өсуіне байланысты мектептерде қосымша 100 мыңға жуық орынға қажеттілік пайда болады деген болжам бар. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында мың жаңа мектеп салуды тапсырды. Бұл апатты және үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін шеше ме? Қай өңірлерде жаңа білім ошақтары көбейеді? Тілшіміз зерттеп көрді.

Елордадағы №53 мектептің 3 аусымда білім беріп жатқанына 3 жылдан асты. Әр сыныпта бала саны 30-дан жоғары. Сыйымдылығы 2400 шәкіртке шақталған оқу ордасында, оқушылар белгіленген межеден 1,5 есе көп.

Зәмзәгүл Қиянова, №53 мектем-лицейінің директоры:
3400 бала білім алып отыр. Осыдан 3 жыл бұрын 2900 болған кезде біз хат жазып, білім сапасына әсер ету, санитарлық талаптардың орындалмауына байланысты жоғары құзырлы орындарға, акиматқа хат жазған болатынбыз. Бұл жерде балалардан гөрі, ата-аналардың балаларды алып кету, алып келу мәселелері туындады.

 Үш аусымды мектептер санын азайту мақсатында Елордада биыл 8 мектеп қолданысқа берілді. Соның бірі соңғы заманауи үлгідегі Binom мектеп-лицейі. 4000 орынға шақталған ғимаратта сыйымдылығына сай 4 мың бала білім алып жатыр.

Ақниет Балтанова, тілші:
Бином мектеп-лицейінде әр оқушыға қолайлы жағдай жасалған. Тіпті әр қабатта кітап оқуға арналған осындай орындар бар. Иә, Президенттің жолдауында айтылған тапсырма да сол еді. Заманауи, технологиялық мүмкіндігі мол мектептер қатарын көбейту керек. Себебі дәл осындай оқу ордаларында балалардың миы тынығып, білім сапасы артары сөзсіз.

Бас қалада жыл соңына дейін дәл осындай мектептің тағы үшеуі ашылады. Сондықтан құрылыс сапасынан бөлек, кез келген оқу ордасының білім деңгейі басты назарда болу керек дейді мектеп директоры. Сәйкесінше, мұғалімдерді қабылдау талаптары да қатаң.

Құралай Байтажикова, BINOM мектеп-лицейінің директоры:
Мектептің жабдықталуының сыртында ең басты рөл атқаратын - ұстаз. Сондықтан біз 4-5 ай бойы Республика бойынша ұстаздарға конкурс жарияладық. Соның нәтижесінде ең жақсы деген ұстаздар өз кандидатураларын ұсынды. Солай мұғалімдеріміз 2 кезеңдік сараптамадан өтті.

Елордадағы жаңа мектептердің құрылысын жіті бақылап, апта сайын тексеріс жүргізген мәслихат депутаты әр өңірде дәл осындай қарқынмен жұмыс жалғасар болса, сапасы мен білім деңгейі жоғары оқу ордаларының артатынына нық сенім білдіріп отыр.

Ләззат Разбекова,Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихат депутаты:
Бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай, бір жылдың ішінде 15 мектеп ашылып отыр. Апта сайын бұл мектептерді аралаумен болдық біз. Қандай проблема бар. Оның коммуникациясы өткізілген бе, іші жабдықталған ба, құрылыс қалай жүріп жатыр, жылу, су берілді ме деген сияқты мәселелердің бәрі ерекше бақылауда болды. Осындай тексерулердің арқасында қолданысқа берілген мектептердің барлығы талапқа сай.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары әзірленді. Ең көп мектептер салынатын өңірлер Түркістан, Алматы облыстары және Алматы қаласы . Сондай-ақ, мектеп құрылысына мониторинг жүргізу мақсатында арнайы электрондық портал іске қосылады.

Жайық Мақсұтов, ҚР БҒМ бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы:
Түркістанда-131 мектеп, Алматы облысында-85 мектеп, Алматы қаласында-66 мектеп салынады. Бұл балалар саны көп өңірлер. Орын тапшылығына сәйкес мектеп құрылысы басқа өңірлерде де жүргізіледі.

 Бүгінде елімізде 34 апатты және 137 үш аусымды мектеп бар. Жоспарға сәйкес 200 мектептің құрылысы дер кезінде аяқталса, биыл 13 апатты және 25 үш аусымды мектептің мәселесі шешілмек. Ал біз көрсеткен үш аусымда білім беретін №53 мектептің жанынан әзірге жаңа білім ордасы бой көтермейді. Бірақ қосымша ғимарат салуға рұқсат беріліп, жобасы бекітілді.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу