Балаңыз қайда? Ата-аналарды осы сауал жиі мазалауы керек. Әйтпесе, интернет үйіріп алып, нашақорлық торына түсіруі мүмкін. Бүгін есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті жеткіншектерге зиянды заттардан қауіп төніп тұрғанын айтты.
Полицейлер дабыл қақты. Соңғы кезде жасөспірімдердің есірткіге тәуелді ететін дәрілерге әуестігі артқан. Оны іздеп сабылмайды. Дәріханалар сатады. Ондағы кей препараттың құрамында нашаға құмарлық тудыратын элементтер бар. Ал, оны тұтынған балада сырқаттану белгілері байқалады.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
Кең тараған екі әлеуметтік ауру - суық тию немесе улану белгілерінде көрінеді. Егер жасөспірім дәріні қолданса, ата-ана мұны байқамауы мүмкін, балаға суық тиді немесе уланған деп ойлайды. Бірақ, соған мән беріп, тексерткен жөн.
Аурудан бөлек, сабаққа, спортқа құлшынысы сейіледі. Шатақ мінез шығарады. Мұндайды байқаған ата-ана мамандарға бірден жүгінуі керек. Ескеретін жәйт, ондай балалар қазір есепке алынбайды. Сондықтан келешегіне кері әсер етеді деген күмәннан арылып, дереу емдеткен дұрыс. Әйтпесе кеш.
Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:
Тәуелділіктен бастапқы кезінде әкелсе жасырмай онда міндетті түрде бастапқы кезеңде біз оларды тоқтата аламыз. Ал, егер 1 жыл, 2 жыл, 3 жыл әрі қарай қолданса ол өте қауіпті. Неге десең? Синтетикалық улы заттар өмірін қысқартады. 3 жыл, 5 жыл. Оданда аз. Неге десеңіз ол балалар. Улы зат олардың ағзасына қауіпті әсер етеді.
Полицейлер 6 күн тінту жүргізді. 865 нысан тексерілді. Нәтижесінде Алматы облысындағы медициналық мекемеден есірткі және психотроптық препараттарды сақтау дерегі анықталды. Сондай-ақ дәрі-дәрмектермен жұмыс істеудің 17 ережесі бұзылған.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
Синтетикалық бақылауға енгізу тетігі жеңілдетілді. Оларды жарнамалау және интернет арқылы тарату үшін жауапкершілік күшейтілді. Электрондық әмиянды анонимді пайдаланушылар арасында ақша аударуға тыйым салатын тетіктер енгізілді.
Биыл 8 айда есірткіні жарнамалаған 810 сайт жабылды. 129 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, 11 дәрілік зертхана жойылды.
Нысаналы Ығыл