Орал қаласындағы ауызсу мәселесі шешілер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласындағы ауызсу мәселесі шешілер емес

12.09.2021

Президент Жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымының су тапшылығына байланысты болжамына тоқталған: алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Қ.Тоқаев суды үнемдеуге көшуіміз керек, басқа жол жоқ, деді. Сонымен бірге 120 канал қайта жаңғыртылатынын, жаңадан 9 су қоймасы салынатынын айтты. Біз құзырлы министрліктен комментарий алдық. Бір факт: каналдардың әбден ескіргенінің кесірінен судың 40 пайызына дейін босқа ағып кетеді екен.

тырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Бұл Жолдауда айтылды.

Жолдауда ондаған жылдар қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін таппағаны да айтылды. Үкіметке жаңа мерзім бекітілді: бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету; Алайда скептиктік көңіл-күй басым. Себебі су тапшылығынан бөлек, құбыр, қондырғылардың көнергенінен де проблема бар.

Мысалы, облыстың орталығы - Орал қаласында күнде апат, әйтеуір, бір ауданда су берілмей жатады. Жақында қалаға қарайтын Зачаган кентіндегі 70 мың тұрғын сусыз қалды.

Облыс орталығы ғана емес, облыстың оңтүстік аудандарында ішерге су жоқ, мал батпаққа батып жатыр. Жайыққа жоғарыдан су келмейді. Трансшекаралық өзеннің түйткілін өкімет шешуі керек, шешуге талпынып жүргендерін айтады, бірақ прогресс байқалмайды. Батыс Қазақстандағы меншікті тілшіміз Ардақ Мұратқызы әңгімелейді.

Ардақ Мұратқызы, тілші: 
Көпқабатты үйлердегі тұрғындардың күндегі тірлігі осы. Өйткені апат жиі болады және су беру кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін. Мен де суы жиі айырылатын шағынаудандардың бірінде тұрамын. Осылай барлық ыдысқа су жинап аламыз да, балконға қор етіп, сақтап қоямыз. Өйтпесек, сусыз қалуымыз әбден мүмкін.

Оралда күнде апат. Су-кәріз жүйесі -- шіріген терідей әр жерден бір тесіліп жатыр. Құбырдың бірін жамаса, екіншісі жарылады. Кейде күніне екі-үш апаттан болады. Салдарынан ел сусыз қалып, дүкен, дүңгіршек жағалап кетеді.

Құдайберген Есенғалиев,  қала тұрғыны: 
Суды жиі айырады. 12-ден 6-ға дейін қосады дейді, то 3-тен, 6-ға дейін дейді. Уақыттарын ескертпейді алдын ала. Сосын сары лас су ағады. Лас су алмас үшін таза суға баклажкамен келеміз осы жерге. Сатып аламыз.

Апта басталғалы кәріз сорғысы бұзылып, 70 мыңдай халқы бар Зачаган кенттік округі уақытша сусыз қалды. Қазір су кестемен беріліп жатыр. Жалпы есеппен 30 мың абонентке су беру 8 сағатқа тоқтатылды. Тұрмыстық қалдықпен бітеліп, сынып қалған кәріз сорғысының орнына уақытша агрегат орнатылып жатыр. Жұмыс әлі аяқталмады.

Дана Құралайқызы,  қала тұрғыны: 
Иә, су тоқтауы жиі болады. Соңғы мезгілдері өте жиі. Су қосқан соң ол сап-сары болып, не іше алмайсың, жуынуға да пайдалана алмайсың. Сосын нағыз түскі ас уақытында, кешкі уақытта балалар жуынарда су тоқтап қалады. Қысқы уақытта да, мына жерден водовозға таласып, баклажкамен тасып жүрене кезіміз болды ғой. Шанамен үйге дейін сүйреп апарып, су жинадық. Қазір де балконға су жинап қоямыз, кез келген уақытта су кетіп қалса, әжетханаға қиын балаларға, әсіресе.

Қаланы сумен қамту кәсіпорны - «Батыс су арнасының» әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын апат болып жатқаны ескертіледі. Мәселен, тек қыркүйектен бастап Ә.Молдағұлова көшесінде - 232, Солтүстік-Шығыс ауданда – 760, 4-шағынауданда – 1128 абонент сусыз қалған. Әрі қарай «6-шағынаудан, Л.Толстой, Х.Доспанова көшелерінде апат болды, су тоқтады» деп кете береді. Комментарийлер де ашу-ызаға толы.

 Ал «Батыс Су Арнасы» серіктестігінің басшысы «Бұл – қалыпты жағдай» дейді. Қалада су-кәріз желісінің 60 пайызы тозған. Ал мәселені толық шешу үшін қомақты қаражат керек.

Әнуар Аркенов,  «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры: 
Кәріз стансасында үш агрегаттың екеуі істен шықты. Себебі тұрмыстық қалдық, құрылыс материалдары, пластикалық бөтелке, т.б. заттармен бітеліп қалған. Ондай насос біздің елде шығарылмайды. Шетелге тапсырыс беру керек. Оған 2-3 ай кетеді. Біреуі 39 млн теңге. Бізге екі агрегат керек. Қазір орнына балама салып, уақытша амалдап жатырмыз.

 Су жүйесіндегі ірі апаттар төрт жыл бұрын басталды. Сол кезде 2009 жылы салынған 15 шақырымдық кәріз желісі істен шықты. 70-ші жылдардағы металл құбыр тозып болса да, төзіп тұрғанда, қойылғанына он жыл да болмаған шыныкпластик коллектор шіріп кетті. 2019 жылы да сапасыз құбыр тесіліп, қаланың тең жартысына жуығы - 120 мың тұрғын сусыз қалды. Қала билігі ауызсуды тасымалмен жеткізді. Биыл да аптап ыстықта сол жағдай қайталанып, қаланың солтүстік-шығыс ауданы су таситын көліктің жолын тосты.

Апаттар өз алдына, Жайық суының тартылуы да ауызсуға әсер етіп жатыр. Қалаға су жинайтын жылу-электр орталығының насосы тайызданған өзеннен су сора алмай, жағалаудағы баржа стансасы іске қосылды.

Ардақ Мұратқызы, тілші: 
Бір кездері балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайықтың біз бел ортасында тұрмыз. Көріп тұрғаныңыздай, судың деңгейі өте төмен. Бабаларымыз «Ат салмай өтер күн қайда?» деп жырлаған Жайықты біз бүгін жаяу кешіп жүрміз. Ал өзендегі аралдар мен қайраңдар былтырғыдан да көбейген.
Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының бас инженер-гидротехнигі
Жайық өзенінің деңгейі тобықтан келді. Сантиметрге шақсақ, 14 см Орал қаласының тұсында. Жоқ суды біз қайдан аламыз? Жайық-Көшім суармалы су жүйесіне кіріп жатырған су көлемі 1,5 текше метр секундына. Бұл дегеніңіз – ештеңе жоқ деген сөз. Қазіргі таңда су қоймаларында бар болғаны 36% су бар.

Жайықтан су жетпей, одан нәр алатын өзен-көлдер құрғап, мал батпаққа батып жатыр. Әсіресе, Жаңақала ауданындағы 17 көлдің 15-і кеуіп қалған. Халық төрт жылдан бері қуаңшылықтың зардабын тартып отыр.

Талғат Бәйкенов, шаруа қожалығының басшысы: 
Халықтың жағдайы өте қиын. Ең бірінші сұрайтынымз, көлдерімізге, суармалы жерлерге су әкеліп, шөп шығарту.

Шаруалар жаз бойы су сұрап, шулап әкімдік алдын тоздырды. Жанайқайын айтып, Президентке де хат жазды. Кейін облыстық әкімдікте арнайы комиссия құрылып, оны облыс әкімі аппаратының басшысы басқарып, екі ауданды аралап келді. Казталов пен Жаңақалаға су Жайықтан бөлек, Қараөзен мен Сарыөзеннен де келеді. Биыл Ресейден су сатып алуға 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ қаражаттың жартысы кеш келгендіктен, енді қалған су елді мекендерге қыста барады.

Қыруар қаржыға сатып алған су өте баяу жіберіліп жатыр. Себебі кесте кеш жасалған әрі канал тазаланбаған. Бұған жауапты «Қазсушар» мекемесі дейді әкімдіктегілер.

Берік Батаев, облыс әкімі аппаратының басшысы: 
Негізі бұл су көздерін реттеп отыратын «Қазсушар» мекемесі. Осы бүкіл ауданның әкімінен бастап, аппараты, қызметкерлері, депутаттары, облыс аппараты – бәріміз шауып жүрміз. Бұл нені көрсетеді? Бұл - біздегі бір үлкен жүйенің жоқтығы. Ол жылдың басында қанша алынатын судың көлемін, қардың суын, бәрін есептеп, кімге қанша кетіп жатыр? Негізі биыл сияқты ауа райының қолайсыз уақытында ешқандай шабындыққа су шығару деген мәселе болмауы керек! Жоқ ондай мәселе! Ең бірінші, ауылдық елді мекенді қамтамасыз ету ауызсумен, сосын өзеннің арналарын сақтап қалу, экологиялық мәселелер. Ал бұл жерде кімге қанша су бердік, нақты балансты екі-үш рет сұрадым, әлі таба алмай отырмын. Орындамаған жағдайда қатаң шара алуға тура келеді.

Жаңақала және Қазталов аудандарында 52 мың халық тұрады. Қос аудан тек облыс емес, елдің өзге аймақтарын да етпен қамтып отыр. Алайда қазіргі хәлі мүшкіл. Ауылдастар аманатын арқалап келген шаруа ел үдере көшпей тұрып, мәселені ретке келтірген жөн дейді.

Біржан Айғалиев, шаруа қожалығының жетекшісі: 
Қазір су да шықпайды құдықтан. Өзімізше құдық қазып күн көрейік деп едік. Оған да болмай тұр. Тіпті еш жерде су жоқ. 10-20 метрден шығады, удай ащы. Біздің Мәштексай территориясында мүлдем су жоқ. Мұқырды жандандыру керек. Бәрі де сол бойда отырғандар, малын тапсырып кететін шығар енді. Бұлдап жатқан ешкім жоқ. Әркім өзі үшін ұстап отыр ғой. Дегенмен болашақ керек қой.

Иә, ел көшсе, жер иесіз қалады. Ар жағында шекара. Аптап ыстықта аңқасы кепкен арнаға келмеген мол судың қыста қадірі бар ма? Мұз айдынында шаруалар коньки тепсін дегені ме? Халықтың жағдайын осылай күлкіге айналдыруға бола ма?//Ал айдың-күннің аманында, әйтеуір, бір шағынауданда күнде апат болып жататын қалалықтар көпқабатты үйдің ауласына құдық не әжетхана қазып аламыз ба деп ащы әзілдейді.


Хабарламаларға жазылу