Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғани әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, үкіметі күйрегені үшін кешірім сұрады. Және де ол елден қыруар ақшамен қашты деген мәліметті жоққа шығарды.
«Мен ел тарихындағы тарауымды бұрынғы басшылар тәрізді қайғылы аяқтағаныма қатты өкінемін. Тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ете алмадым. Сол үшін Ауғанстан халқынан кешірім сұраймын. Ал, маған тағылған айыптар мүлдем жалған. Әйелім мен өзімнің Ливандағы мүлкімізге аудит жүргізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтасуға да қуаныштымыз», - деп жазады Ғани «Твиттердегі» парақшасында.
Ал, Ауғанстанның құлатылған үкіметінің Душанбедегі елшілігі болса, тәліптерге қарсылық көрсеткен жалғыз провинция – Панджшердегі жасақтардың лидердері Ахмад Масуд пен Амрулла Салехтың Тәжікстанға қашқанын растамады.
Мохаммад Захир Ағбар, Ауғанстанның Тәжікстандағы елшісі, генерал – лейтенант:Менің ойымша, қашу қарсыласушылар сөздігіне кірмейді. Егер Ахмад Масуд пен Амрулла Салех қашса, қолдарында мүмкіндік болған күні -ақ кетер еді. Олар президент Ашраф Ғани сияқты емес еді. Мен Салехпен үнемі байланыстамын, ол қазір Панджшерде Ауғанстан Ислам Республикасының үкіметін басқарып отыр.
Батыс мемлекеттері болса, «Талибан» құрған үкіметке риза еместігін мәлімдеді. Мәселен, АҚШ мемлекеттік департаменті бұл кабинет құрамына террористер тізіміне іліккен адамдардың ғана енуіне және әйелдердің кірмеуіне алаңдаушылық білдірді. Ал, Еуропа одағы Ауғанстандағы жаңа билікті қоғамның барлық топтарын қамтымаған инклюзивті емес үкімет деп атады.
Арыстан Рысбек