Маңғыстау облысында улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстары тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстары тоқтап қалды

08.09.2021

Маңғыстау облысындағы Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстары аяқсыз қалды. 15 млрд теңгенің жобасы 3 жылда жүзеге асырылуы тиіс болатын.Алайда құрылыстың кілт тоқтағанына 3 ай. Себебін әріптесім Аягөз Оралбайқызы анықтады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
Қошқар ата радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстары биыл наурыз айында басталған болатын. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын өз қаржысЫМен бастап 3 айда 115 га жерді құммен көмген. Бірақ, қазір жұмыс тоқтар тұр. Аумақта тірі жан жоқ. Себебі, жоба бойынша биылға қарастырылған қаржы бөлінбей қалған. 

Мердігер мекеме басшысы сұхбат бермеді, бірақ, қалпына келтіру жұмыстарының мамыр айында тоқтағанын айтты. Себебі, қаржы төленбеген. Нәтижесінде 60 адам жұмыссыз қалды. Жобаға тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме өкілінің айтуынша, Қошқар атадағы улы көлді зерттеу қажет болғандықтан, қаражатты тоқтатып қойған.

Ербол Денов,  Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысы:
Қошқар атаның айналасынан қажетті топырақтарын зерттеуге алып кетті. Енді соның нәтижесін күтіп отырмыз. Егер соның қорытындысы бойынша шешім өзгерген жағдайдва онда біз жобаны неге жібереуге корректировкаға жіберуге болады. Соның кесірінен қазір жұмыс тоқтап тұр. 

Маңғыстау өңірі үшін ең өзекті экологиялық мәселенің шешімін таппай, орта жолдан аяқсыз қалғанына депутаттар да алаңдаулы. Үкіметке сауал жолдады.

Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қошқар Ата ойпатындағы радиоактивтік қалдықтарды рекультивациялаудың әлеуметтік маңызының зор екенін ескере отырып, тез арада заласыздандыру жұмыстарын қайтадан бастау қажет. Ол үшін биылға бөлінген 1,0 млрд теңге тиісті мемлкеттік органға тез арада аударылсын және осы жобаны тоқтатқан лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралсын.

Қошқар ата қалдықтар қоймасының дүниежүзінде теңдесі жоқ. Аумағы -77 шаршы шақырым. Мұнда 5 алпауыт зауыттың улы қалдықтары жатыр. Бұл Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының 400 мыңдай халқының, яғни облыс тұрғындарының 55 пайызының денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу