Қостанай облысының Ряжск ауылында медицина мекемесінің қаңырап тұрғанына 2 жылға жуықтаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Ряжск ауылында медицина мекемесінің қаңырап тұрғанына 2 жылға жуықтаған

08.09.2021

Медпункт бар, дәрігер жоқ. Қостанай облысының Ряжск ауылындағы медицина мекемесінің қаңырап тұрғанына екі жылға жуықтады. Тұрғындар басы ауырып балтыры сыздаса 20 шақырымдай қашықтағы аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Ауыл неге дәрігерсіз қалды? Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Ұзынкөл ауданынан қарасты Ряжск ауылында үш жүзден астам адам тұрады. Осынша тұрғын былтырдан бері медициналық көмек алу үшін аудан орталығына сабылып жүр. Жолдың сапасыздығы мен қоғамдық көліктің қатынамауы жығылғанға жұдырық. Ал жеке көлік иелері орталыққа жеткізу үшін кемінде 3 мың теңге сұрайды.
 Андрей Гимлерейх, Ряжск ауылының тұрғыны: 
Дәрігер ұзақ уақыттан бері жоқ бізде. Бұрынғы фельдшер зейнетке шығып кеткен соң жағдай осылай болды. Бұл мәселені қанша айтсақ та жоғары жақ шеше алмай келеді.
Инна Мезгованың тоғыз айлық сәбиі бар. Ал жаңа туған нәресте бір жылға дейін медицина мамандарының жіті бақылауында болуы тиіс. «Ауылда дәрігердің жоқтығынан бұл талап мүлде орындалмайды» жас ана. Сондықтан бөбегін уақтылы тексертіп, екпе алу үшін аудан орталығына өз бетінше баруға мәжбүр.
Инна Мезгова, Ряжск ауылының тұрғыны: 
Барғасын әр кабинеттің есігін жағалап, баламды қарап беріңізші деп жалынғандай боп жүреміз. Алғашқы екпені 4 айлығында ғана алдық. Жергілікті маман болмағандықтан біз еш жерде есепте жоқ адамдардың күйін кешудеміз.
Қазір фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты тек коронавирусқа қарсы егілетіндер үшін ашық. Вакциналауды көрші ауылдан арнайы келетін медбике жүргізеді. Ауыл әкімі мен аудандық аурухананың басшысы жергілікті жерге маман табуға тырысып жатқандарын айтады. Бірақ нәтиже жоқ.
Әміржан Бақытжанов,  Ұзынкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері: 
Медколледж түлектерімен сөйлескенде олар ауылға келгісі келмейді. Қалада қалады. Өзімізден 300 мың теңге көтермеақы, үй береміз деп жатырмыз әкімдікпен бірге қосылып. Соның өзінде жастар қалада қалғысы келеді.
Қазір аудан бойынша ауылдық елді-мекендердің 80 пайызында зейнет жасындағы медицина мамадары жұмыс істеп жатыр. Ал олардың орнын жастармен алмастыру әзір мүмкін болмай тұр. 

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу