«Еңбек» бағдарламасы жетілдіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еңбек» бағдарламасы жетілдіріледі

07.09.2021

«Еңбек» бағдарламасы бойынша халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстікке көшіп барған отбасыларға жәрдемақы төлеудің тәртібі қайта қаралады. Жеке бизнес бастағысы келгендерге жергілікті әкімдіктер тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Президент халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік жобаны жетілдіруді тапсырды.
Эльмира Кәленова, тілші:
Елімізде мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бері 2600-ден астам отбасы түстіктен теріскейге көшті. 160 шаңырақ Мамлют ауданында түтін түтетіп отыр. Олардың қатарында өз ісін ашып, кәсіпкерлігін дөңгелетіп отырғандар да баршылық.
Сырым Әлімбеков Қызылжарға 4 ай бұрын көшіп келген. Көңілге қонымды жұмыс болмаған соң грант алып, жеке бизнесін бастауды жөн санаған. Әзірге шағын ғана жылыжайда қияр өсіріп, нәпақасын тауып отыр.

Мемлекетке иек артпай, өзін өзі асырап отырған қоныс аударушының бірі - Мамлютка қаласының тұрғыны Жәния Өсербайқызы. Ол бір ай бұрын дәмхана ашқан. Қарамағныда 3 адам жұмыс істейді. Енді бизнесін кеңейтіп, этноауылдың негізін қаламақ.
Жәния Өсербайқызы, Мамлютка қаласының тұрғыны:
Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауына байланысты біз осылай бірден тез 2-3 күнде шешім қабылдап, осы бизнес план дайындадық, көкпарын қазақтың осы жақта ұйымдастырығымыз келеді және бәйге. Халқымыздың басына түскен індетке байланысты түйе бизнесін ашқым келеді.
Тиісті жағдай жасалмағандықтан түстікке қайта кетіп қалғандар да жоқ емес. Бағдарлама іске аса бастағалы 4 жылдың ішінде 140 отбасы кері қайтқан. Оған себеп – жұмыстың жоқтығы әрі берілген үйлердің сапасыздығы.Сол себепті де жобаның олқы тұстарын жетілдіріп, қайта қарау тапсырылды.
Ринат Елжасов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Енді жұмыс берушілерге субсидия төлеудің жаңа механизмі қабылданбақ. Бұл жаңашылдық облысқа жаңа мамандарды тартуға және қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыруға септеседі. Жалпы бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері облысқа көшіп келген азаматтарға 1 млрд 600 млн теңге субсидия төленді.
Өңірде 1500-ден астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы. Кадр жетіспеушілігін жою мақсатында жыл соңына дейін теріскейге 2500 адамды көшіру жоспарланған.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу