Еуропалық Одақта халықтың 70 пайызы екпе алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақта халықтың 70 пайызы екпе алды

07.09.2021

Еуропалық Одақта халықтың 70 пайызы толықтай вакцина алған. Бұл көрсеткішті 80-90 пайызға жеткізу үшін Одақ елдері түрлі шараларды қолға алды. Италияның денсаулық сақтау министрі ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халыққа екпені міндеттеуді ұсынып отыр. Ал, Бельгияда вакцина орталықтарын сауда дүкендеріне жайғастырып, арнайы автобустар жасақтаған. Брюссельдегі екпе науқанымен тілшіміз Нұрсұлу Қасым танысып қайтты.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бельгияның Валлония, Фландрия аймақтарында халықтың 80 пайыздан астамы екпенің екі дозасын салдыртқан. Ал, ел астанасы-Брюссельде ересектердің тек 60 пайызы ғана толықтай вакцина алған. Елдің өзге аймақтарын қуып жету үшін, әрі қазан-қараша айларында ауруханаларға жүктеме көбеймес үшін шаћар басшылығы аптасына 16 мың доза салуды көздеп отыр.

Діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін Брюссель басшылығы екпе орталығын ірі супермаркеттерге орналастырған. Арнайы бригада таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Екпе алуға ассықандарға банан мен су тегін.

Сирин Стамбоули, Бельгия супермаркеттер желісінің баспасөз хатшысы:
Дүкендер қоғамдық көлік көп жүретін, жақсы жерде орналасқан. Сондықтан, адамдар мұнда еш қиындықсыз жете алады. Бір дозалық Джонсон екпесін салып жатырмыз. Бүгін бір күнде біздің дүкенде 60 адамға екпе егілді.

15 минутта бір дозалық вакцинаны тегін аласыз» деген хабарламаны көріп, арнайы жасақталған автобустарға да халық молынан ағылды. Дені-18 бен 35 жас аралығындағы жастар.

Ионана Антонеску, мектеп оқушысы:
Екпені үйде мен ғана салдыртпап едім. Ата-анам,бауырларым бәрі алған. Өзімнің, өзгелердің қауіпсіздігі үшін салдырттым. Оның үстіне мектепте оқушымын ғой. Сақтану керек.
 Мэрайек Кэйминэ, Брюссель қаласының тұрғыны:
 Бұл керемет идея. Алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Жұмыстан қолы тимейтін мен сияқтылар азық-түлік алуға келгенде тез салдырта қояды. Үш аптадан кейін екпе сертификатын береді. Енді бүкіл шараларға бара аламыз. Осы уақытқа дейін бір жерге бару үшін ПТР тест тапсырып келдім. Ол өте қымбат.

Қазан айынан бастап Бельгияда ірі вакцина орталықтары жабылады. Орнына осындай жылжымалы Vaccibus-тар, мобильді топтар көбейтіледі. Сондай-ақ, екпені дәріханаларда алу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Ал, иммунитеті төмен, тәуекел тобындағы азаматтарға екі аптадан соң вакцинаның үшінші дозасы салына бастайды.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу