СҚО-да «Обухов» кен байыту комбинатының қызметкерлері аштық жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да «Обухов» кен байыту комбинатының қызметкерлері аштық жариялады

07.09.2021

Солтүстік Қазақстандағы титан-цирконий өндіретін бірегей кен орнын әлдекімдер заңсыз иемденіп алмақшы. Осылай деген «Тиолайн» компаниясының жетекшілері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бұған наразылық танытқан «Обухов» комбинатының 4 жұмысшысы 9 күннен бері аштық жариялағанын айтады. Және сыбайлас жемқорлық мәселесіне мемлекеттік органдар мен ел басшылары назар аудармайынша алған бетінен қайтпайтындарын жеткізді. Яғни, ресейлік акционерлер зауытты шетелдік компанияға сатуды көздеп отырғанын айтады.

Абзал Құспан, адвокат:
Ресей олигархтарының мақсаты компанияны банкроттық жағдайға жеткізіп, кейін Қытай инвесторларына іс жүзінде қымбатқа сатса да, қағаз жүзінде компания банкротта деп өте арзан бағаға сатып жіберу мақсаты тұр.

Виктор Долгалев, «Тиолайн» ЖШС атқарушы директоры:
Біз ешкімге де қарыз емеспіз. 2 жылға 780 млн теңге салық төледік. Мүлдем қарыз жоқ бізде. Керісінше оларда болған. Өтеп бердік.

Титан-цирконий кеніне талас талайдан бері жалғасып келеді. Бірақ, соңғы жылы жағдай ушыққан. Компания қызметкерлерін ұрып-соғу және өнімдерді негізсіз тәркілеу, тіпті кәсіпорынды электр қуатынан ажыратып тастаған. Салдарынан өндіріс тоқтап, 400 жұмысшы 2 айдан бері жалақы алмаған. Тек кейін амалын тауып жарықты қайта қосып алғандарын айтады. Оның өзінде әзірге 160 маман ғана комбинатқа тартылған.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу