Ауғанстанда жүздеген аурухана жабылуға жақын. Себебі, оларды осыған дейін қаржыландырған донорлар «Талибан» үкіметімен жұмыс істеуге рұқсат ала алмай отыр. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Оның дерегінше, Ауғанстандағы 2300-дей емдеу мекемесінің 90 пайызы үстіміздегі аптада қызметін тоқтатады деген қауіп бар.
Айта кетсек, бұл мемлекетте тамыздың 15-де билік ауысты. Бүкіл елді басып алған тәліптер әзірге өзге әлеммен ресми байланыс орнатып үлгерген жоқ.
Рик Бреннан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
Проблема сол – Әлемдік банк, Еуропа одағы, ЮСАИД тәрізді ұйымдарға тәліптер билігі арқылы бұл мекемелерді қаржыландыруға рұқсат берілмей отыр. Сондықтан, донорлық көмек мәселесі кейінге қалдырылды. Үкіметтік емес ұйымдардың 15-і проблеманы шешу үшін Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігіне хат жазды. Әзірге оңтайлы шешім жоқ.
Осы елден тағы бір мәлімет. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Ауғанстанда билікке тәліптер келгелі университтерде қыздар мен жігіттер бір-бірінен бөлек отыратын болды. Кейбір аудиторияларда олардың ортасына шымылдық құрылып жатыр.
Арыстан Рысбек