Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды қабылдады

07.09.2021

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданды. Құжатты бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды. Әр органның атқаратын жұмысы айқындалды. «Енді тек сол жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау керек», - деді Үкімет басшысы Асқар Мамин. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Биылғы Жолдау 5 бастама, 7 бағыттан тұратыны белгілі. Ондағы тапсырмаларды орындау үшін Жалпыұлттық жоспарда атқарылуы тиіс 102 іс-шара қамтылған. Әр сала бойынша қандай заң, қандай бағдарлама қабылдануы керек екені, әр мемлекеттік органның міндеті осы ұлттық жоспарда нақтыланған. Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді шаралар қабылдайды. Премьер-Министр жалпыұлттық жоспар алға қойған міндеттерге толық сай келеді деді. Сондай-ақ Асқар Мамин құжаттағы іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші башылары тікелей жауапты болатынын ескертті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысының азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Үкімет отырысында инфляцияны төмендету мәселесі де талқыланды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осы бағыттағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Инфляцияның өсуіне ең алдымен азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болды дейді ол. 8 айда 11,4 пайызға дейін көтерілген баға. Енді министрліктер мен әкімдіктер қымбатшылықпен күресті қатаңдатпақ. Әсіресе бағаның маусымдық көтерілуі кезінде жедел шаралар қабылдап, монополияға жол бермеу маңызды дейді ол. Сондай-ақ экспорт пен импорт көлемін реттей отырып, алдымен ішкі нарықты толық қамтып аламыз. Мұндай шаралар инфляцияны келер жылы 6, ал, 2023-24 жылдары 5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деді бас банкир.


Хабарламаларға жазылу