Ақжар ауылының тұрғындары жарылғыш заттарды сақтайтын қойманы көшіруді талап етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақжар ауылының тұрғындары жарылғыш заттарды сақтайтын қойманы көшіруді талап етеді

06.09.2021

Ақтөбе қаласына қарасты Ақжар ауылының тұрғындары іргеде орналасқан жарылғыш заттар сақтайтын қоймадан қауіптеніп отыр. Себебі, оқыс оқиға бола қалса, қашып та үлгермейміз дейді.Сондықтан Арыс пен Жамбыл облысындағы оқиғалар қайталанбауы үшін құзырлы орындардан көмек сұрайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Тікенек сыммен қоршалған бұл жабық мекемемен ауыл арасы бар болғаны 150-200 метрдей ғана.Тұрғындар бұл жерде оқ-дәрілер мен басқа да жарылғыш болуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан оны тез арада басқа жерге көшіруді талап етіп отыр.

Жарылғыш заттар сақтайтын қойма бұл жерде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері бар. Айналасында жақындауға болмайды деген ескерту тақтайшалар әлі ілінулі тұр. Уақыт өте келе қала аумағы өсіп, қойманың іргесіне дейін тұрғын үйлер салынды. Жұрт алғашында мұндай нысанның аса қауіпті болатынын білмедік дейді.

 Жәрдем Қазтуғанов, Ақжар ауылының тұрғыны:
Қорқып отырмыз. Үрейдеміз бәріміз. Арыста болған нәрсе, Таразда болған нәрсеертең тағы қайталанып жүрсе, санымызды соғып қаламыз. Бала-шаға бар. Мына жерде үлкен мектеп бар. 1 500 орындық мектеп. Соның бәріне қауіп төніп тұр.

Бұған дейін ескі қоймаға әскери техникалардың аңда саңда кіріп шыққанын көрдік дейді тұрғындар. Содан кейін жұрт алаңдай бастаған. Аумағы ат шаптырым нысанды айналып өтетін жұрт, әрлі-берлі жүріп тұруымызға да кедергі болды дейді.

Ал, жауапты мекеме өкілдері бұл жерде қауіпті заттардың барын растады. Алайда, әскери емес, тау-кен өндірісіне арналған көрінеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілдері де бұған дейін нысанды басқа жерге көшіру туралы жауапты мекемелерге ұсыныс айтқан. Алайда нәтиже жоқ.

Самат Тәждәулетов,  Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Бір жыл бұрын тексердік, бәрі талапқа сай. Үш қойма болған, оның біреуі ғана қалды. Қазір екі жарым тоннадай зат бар. Ол мұнай бұрғылау үшін қолданылатын жарылғыш заттарға арналған. Құрамында тротил жоқ.

Алайда, тұрғындарды бұл жауап қанағаттандырмады. Олар қауіпті аумақта қараусыз қалған ескі ғимараттар ойын балаларына қатер төндіреді деп алаңдайды. Сондықтан, қойманы біржола көшіруді талап етіп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу