Жамбыл облысындағы жарылыс болған аймаққа жақын орналасқан елді мекеннің бірі Қайнар ауылында 19 отбасы шатырда тұрып жатыр. Бірақ көп ұзамай, бастан аяқ жөнделген үйлеріне кіреді. Іргелес басқа ауылдарда да құрылыс қарқын алған. Аймақтағы ахуалды әріптесім Данияр Асқарұлы баяндайды.
Мақсат Мәмбетов - жарылыс болған аймаққа ең жақын орналасқан Қайнар ауылының тұрғыны. 5 баласы бар. Апат болған күннің ертесі өз үйіне қайта оралған. Сол уақыттан бері ауласына әскери шатыр тігіп, қазір отбасымен осында тұрып жатыр. Қайнар ауылында мектеп жасындағы 28 бала бар. Олардың барлығы дерлік сауықтыру лагерлеріне жіберілген. Қазір бұл елді мекенде 5 мердігер компания қираған ғимараттарды жөндеп жатыр. Жауаптылар екі айға жеткізбей тұрғындарға баспаналарын табыс етуді жоспарлап отыр.
Жарылыстың себебі әлі анықталған жоқ. Тергеп-тексеру жұмыстары әлі жалғасуда. Бықсып жатқан өрт ошақтары толы сөндірілген.
Ораз Күшіков, Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:Қазір әскери база аумағында тазалау жұмыстары жүргізілуде. 4 гектар аймақ толық тазаланды. Өрт ошақтары да толығымен сөндірілді. Із-түссіз жоғалған кіші сержант Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары да жалғасуда.
Қазір әскери база аймағында күштік құрылымдар жұмыс істеуде. Апат аймағын атты әскер күзетіп жүр. Ал, Тараздағы ауруханада 2 адам ем алып жатыр. Оның біреуі жансақтау бөлімінде. Қалғандары үйлеріне шығарылды.
Данияр Асқарұлы